×

Ақтөбе мен Вьетнам арасында тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін

Инвестор өңірдің әлеуетіне жоғары баға берді

 Дәурен Ерболат 15.09.2023 | 09:45
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров вьетнамдық Sovico Group компаниялар тобының өкілдерімен кездесті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жиында компания өкілдері Нгок Сау Фам және Минь Туан Лимен ынтымақтасты дамыту, инвестиция тарту мәселелері талқыланды.

Шетелдік компания энергетика, құрылыс, банк және қаржы, авиация салаларында түрлі жобаны іске асырып, үлкен тәжірибе жинаған. Былтыр Sovico Group 20,6 млрд доллар пайда тапқан.

Кездесуде қос тарап авиация саласындағы инвестициялық жобаларды, әсіресе Ақтөбе халықаралық әуежайы базасында өңірлік мультимодальды хаб құру мәселесін талқылады.

Сондай-ақ Ақтөбе мен Вьетнам арасында тікелей әуе рейсін ашу туралы бастама көтерілді.

Вьетнам – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ханойға барып, бірқатар келіссөз жүргізіп, құжаттарға қол қойды. Осы сапарда Sovico Group компаниясының басқарма төрағасымен кездесті. Бұл кездесу бізге жол ашып бергендей, - деді Асхат Шахаров.

Оның айтуынша, бүгінде ақтөбеліктер Вьетнамға жиі демалуға барады.

Осыған байланысты Ақтөбе мен Вьетнам арасында әуе рейсін ашуға болады. Бұған қауқарыңыз жеткілікті. Мемлекет басшысының өңірлік мультимодальды хаб құру тапсырмасы аясында жобаларды іске асыруға дайынбыз, - деді өңір басшысы.

Шетелдік компания өкілдері Ақтөбе өңірінің мүмкіндігін жоғары бағалап, облыс басшылығына алғыс айтты. Қос тарап алдағы уақытта бірігіп жұмыс істеуге дайын екендерін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама