Ұлттық статистика бюросы баспана бағасының қаншаға өскенін хабарлады
Ұлттық статистика бюросы 2022 жылғы сәуірде тұрғын үй бағасы қалай өзгергенін мәлімдеді.
«Бір жылда (2021 жылғы сәуір мен 2022 жылғы сәуірді салыстырғанда) пәтерлерді қайта сату бағасы 27,7%-ға, жаңа үйлерді сату 20,3%-ға артты. Абаттандырылған баспананы жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2022 жылғы сәуірде 22,2%-ға жоғарылады», – дейді статистика бюросы.
Бюро мәліметінше, тұрғын үй бесінші жыл қатарынан қымбаттап келеді. Баға 2016 жылы ғана төмендеген. Ол кезде жаңа пәтер нарықта 3,6%-ға арзандаса, 2017 жылы қайта сату нарығындағы шаршы метр бағасы 1,6%-ға азайған.
Бір ай ішінде (2022 жылғы наурызға қарағанда) үйлерді қайта сату бағасы 1,8%-ға өсіп, шаршы метрге 459 137 теңгені құрады. Жаңа баспананы сату және абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі сәуірде алдыңғы аймен салыстырғанда әрқайсысы 0,8%-ға артып, шаршы метрге тиісінше 412 315 теңге әрі 3 561 теңгені құрады, – деді ведомство.
Елімізде қолжетімді жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылуы мүмкін. Мемлекет мұқтаж отбасыларға жалдамалы пәтер ақысының 50%-ын төлейді. Павлодар облысында әкімдік көпбалалы отбасына апаттық жағдайдағы үйді ұсынған. Шымкентте баспана алуға өтініш бергендер тізімінде екі аудан әкімі жүр.