×

Ресей газын Қазақстан арқылы тасымалдау: Энергетика министрі қанша табыс түсетінін нақты айта алмай отыр

Қазір Ресей және Өзбекстан тарапымен келіссөз жүргізіліп жатыр

 Дәурен Ерболат 15.08.2023 | 12:54
фото: «ҚазТрансГаз» АҚ баспасөз қызметі

Биылдан бастап Қазақстан Ресей газын тасымалдау арқылы табыс таба алады. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Біз транзиттен табыс табу арқылы газ құбыры жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік аламыз. QazaqGaz ұлттық компаниясы үшін газды ішкі нарыққа жеткізу шығын болып саналады. Сондықтан транзиттен түсетін қосымша табыс QazaqGaz-ға түсетін шығынды азайтады әрі жөндеу бағдарламасын, инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін тұрақты табысты болады», - деді Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан соң.

Қазір Ресей және Өзбекстан тарапымен келіссөз жүргізіліп жатыр.

Қазір біз 10 млрд текше метрге дейін газ транзиті бойынша индикативті түрде ақылдасып жатырмыз. Сондай-ақ өзбек энергожүйесінің дайындығына қарай «GazProm» ЖАҚ қажет болса газ көлемін арттыра алады. Газ құбырын жаңартуға қосымша шығын қажет болатыны түсінікті. Алайда QazaqGaz ұлттық компаниясы бұл бағытта жоспарлы жұмыс жүргізеді, - деді министр.

Ведомство басшысы газ транзитінен қанша табыс түсетінін нақты айта алмайтынын жеткізді.

Түсетін соманы айта алмаймын. Бұл транзит көлеміне байланысты болады. Индикативті теңгерім анықталғаннан кейін біз QazaqGaz қанша көлем (газ жібере алатынын) және қанша табыс алатынын білеміз. Бірақ биыл табыс түседі, - деп сендірді Сәтқалиев.

2022 жылдың қарашасында Ресейдің бастамасымен Қазақстан, Ресей және Өзбекстан арасында «Газ одағын» құру мәселесі көтерілді. Әзірге Ресей мен Өзбекстан тарапынан ынтымақтастық туралы ресми ұсыныс түскен жоқ.

Қазақстан үкіметі мен «Газпром» арасында ресейлік газды Өзбекстанға тасымалдау мақсатында «Орталық Азия – Орталық» магистральдық газ құбырын дайындау бойынша іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Осылайша, бүгінде Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдау үшін «Орталық Азия – Орталық» магистральдық газ құбырының қазақстандық бөлігін техникалық дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол 2023 жылдың 1 қазанында аяқталады деп жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама