×

Такси жүргізушілері мен курьерлерге салық төлеу жеңілдейді

Енді салық органдарына барудың керегі жоқ

 Дәурен Ерболат 11.07.2023 | 11:40
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлерге арналған пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Кез келген кәсіпкерлік қызметті (такси жүргізушісі немесе курьер болсын) көрсеткен адам жеке кәсіпкер ретінде немесе жалдамалы қызметкер ретінде рәсімделіп, салықтар пен әлеуметтік төлемдерді төлеуге міндетті. Алайда бұл талапты такси жүргізушілері орындай бермейді. Себебі, олардың пікірінше, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу бірқатар міндеттемені (салықтарды, әлеуметтік төлемдерді есептеу және декларацияларды тапсыру) тудырады.

Сондықтан МКК бұл міндеттемені орындау үшін e-Salyq Business мобильді қосымшасына арнайы режимді таңдауға кеңес береді. Онда салық декларациясын тапсырудың қажеті жоқ, табыс салығының 1%-ы мөлшеріндегі міндеттемелерді және әлеуметтік төлемдерді (зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және медициналық сақтандыру) қосымшаның өзі есептеп береді.

Осыған байланысты интернет-платформаларды пайдаланып, қызмет көрсететін тұлғаларға салықтарды төлеуге көмектесу үшін МКК e-Salyq Business мобильді қосымшасын пайдаланып, салық режимі негізінде пилоттық жобаны іске қосты.

Оның көмегімен тікелей интернет-платформада жеке кәсіпкер болып тіркелуге болады әрі интернет-платформа операторы табысты төлегенде, такси жүргізушісі (курьер) тарапынан келісім болған жағдайда тиісті салықтар мен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалады және төлейді. Содан кейін мәліметтер автоматты түрде Мемлекеттік кірістер комитетіне беріледі.

Сондай-ақ кәсіпкердің өзі де мобильді қосымша есептеген салықтар мен әлеуметтік төлемдерін төлей алады. Бұл жеке тұлғаны салық органдарына барудан толық босатады. 

Сонымен қатар пилоттық жоба салықтарды есептеу мен төлеуде қателікті болдырмайды және такси жүргізушілеріне қаржылық жүктемені арттырмауға мүмкіндік береді. Өйткені такси жүргізушісі делдалсыз платформадан тікелей тапсырыс ала алатындай етіп, бизнес-процестер реттеледі.

Бүгінде «Яндекс.такси» және интернет-платформалардың басқа операторларымен ақпараттық жүйелерді баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс аяқталған соң такси жүргізушілері ерікті негізде пилоттық жобаға қосыла алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама