Кеше батыста жарық өшіп, АМӨЗ жұмысын тоқтатқан болатын
Қазақстанда жанармай тапшылығы туындаса, оны Ресей Федерациясынан импорттаймыз. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, бүгін сағат 9:00-дегі жағдай бойынша Қазақстанда АИ-92 бензинінің 23 күнге жететін қоры бар. АИ-95 маркалы бензиннің қоры – 15 күн, дизель отыны – 29 күн.
Алмасадам Сәтқалиев бензин тапшылығы туындаса, ол қымбаттаса, алып-сату әрекеттері жиілейтінін еске салып, бұл бағытта тиісті шешім қабылданатынын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанға көрші елден 40 мың тонна АИ-95 бензинін жеткізу керектігін атап өтті.
АИ-95 маркалы бензиннен басқа, қандай да бір жанармай бағасының күрт өсуін болдырмаймыз деп ойлаймын. Өйткені оны Ресейден импорттауға тура келеді. Қазір АИ-95 маркалы бензинінің қоры 15 тәулікке жетеді. Павлодар мұнай зауытындағы жөндеу жұмыстарына, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы апатқа байланысты, Шымкент зауытының АИ-95 маркалы бензинінің өндіріс көлемін азайтуына байланысты нарықты Ресейден алдыртатын импорт арқылы ғана толық жабамыз. Ресеймен тиісті келіссөз жүргізіп жатырмыз. Шамамен 40 мың тоннадай АИ-95 маркалы бензинін импорттау қажет бізге. Келіссөз жүріп жатыр. Қазір оны «Газпром нефть» жеткізе бастады, - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Еске сала кетсек, бұған дейін премьер-министр Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жағдай елде жанармай тапшылығын тудырмайтынын айтқан еді.