×

Депутат АШ тауарын өндірушілерді салықтың барлық түрінен босатуды ұсынды

Еліміздегі агрохолдингтер жылына шамамен 50 млрд теңге салық төлейді

 Халық үні 31.05.2023 | 11:38
Фото: otyrar.kz

Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салық пен төлемнің барлық түрінен босатуды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ауылдар бос қалмауы үшін ауыл шаруашылығының дамуына баса көңіл бөлу қажет екенін айтты.

Ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету. Мұның барлығы түптеп келгенде азық-түлік тауарларының қымбаттауына әкеп соғып жатыр, - деді Қарақат Әбден.

Соған байланысты «Ауыл» партиясының фракциясы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтар мен төлемдердің барлық түрлерінен босатуды ұсынды.

Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімін шығару, қайта өңдеу, өткізу, экспорттау, импорттау бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан да босату ұсынылады. (...) Салықтың екі түрлі қызметі бар екенін еске салғым келеді. Оның бірі фискалды болса, екіншісі – ынталандырушы. Көп жағдайда ынталандырушы қызмет ескерусіз қалады. Ал оның басты мақсаты – ел экономикасын дамыту, - делінген депутаттық сауалда.

Айтуынша, еліміздің тұтас ауылшаруашылық саласы, соның ішінде ірі агрохолдингтер барлық салықтыы есептегенде жылына шамамен 50 млрд теңге салық төлейді.

Бұл еліміздің бюджетіне түсетін барлық салық түсімдерінің 0,5%-на да жетпейді. Біздің ойымызша, ел экономикасы мұндай салық жетіспеушілігін көтере алады. Ал дәл осы салықтан босату шарасы ауыл шарушылығының тұрақты дамуына және сол арқылы шығындардың кіріс ретінде мемлекеттік қазынаға еселеніп қайтуына оң ықпал етеді деп есептейміз, - деді депутат.

Депутаттық сауал премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама