×

Майнерлерді электр энергиясын дамытуға пайдалануға болады – энергетика сарапшысы

Қазір үкімет тапшылыққа майнерлерді кіналап отыр

 Бауыржан Мұқанов 29.05.2023 | 11:47
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда жасыл энергетиканы дамыту қоршаған ортаны сақтаудан бөлек, жалпы тапшылыққа шешу үшін қажет сектор. Бұл туралы Qazaq Green Fest ЖЭК бойынша II халықаралық іскерлік фестивалінде энергетика сарапшысы Асылбек Салжанов айтты.

Елімізде жасыл энергетиканы дамыту үшін базалық генерацияны күшейту керек. Бізде қазір базалық генерация тек көмір. Ал халықаралық инвесторлар көмірге инвестиция салғысы келмейді. Институционалды инвесторлар, қаржы ұйымдары жасыл энергетикаға қаржы салғанды жөн көреді.

Қазір әлем бойынша жаңартылмалы қуат көздерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Әрине, энергетиканың бұл жаңа бағыты қоршаған ортаны қорғау үшін өте маңызды. Ал біздің елде жасыл энергетиканы дамыту тіпті маңызды. Себебі бізде экологиялық тазалықты былай қойғанда жалпы энергетика тапшылығы мәселесі өте өткір тұр. Сол үшін бізде жасыл энергетиканы дамыту қоршаған ортаны қорғаумен қатар, жалпы қуат тапшылығын шешудің бір жолы. Қазақстанда жасыл энергетика дамуы үшін базалық генерацияны күшейтуді ойластырған жөн. Базалық генерациясыз өсіп келе жатқан сұранысты жабу қиын болады, – дейді Асылбек Салжанов.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы жылдары еліміздің электр энергетикасындағы жаңа қуаттардың өсуі жаңартылатын энергетика есебінен жүзеге асырылуда. Мәселен, 2019 жылдан 2022 жылға дейін (2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша) әдеттегі станциялардың қуатына 311,5 МВт қарсы қуаты 1908,2 МВт ЖЭК пайдалануға берілді.

Жасыл энергетиканы дамытуға кедергі келтіріп отырған факторлардың негізгісі ретінде спикер заңнаманы атайды. QazaqGreen қауымдастығының қатысуымен жаңа заң қабылданып жатыр. Жаңа заң нарық қатысушыларының желідегі энергия тепе-теңдікті сақтауына мүмкіндік береді. Екіншіден, жаңа заң қабылданған жағдайда жаңа генерация салып, дамыту оңайлайды. Сонымен қатар, тек көмір ғана емес, газбен де базалық генерация ұстауға мүмкіндік береді.

Биыл жыл басынан бастап коммуналды тариф, соның ішінде электр қуатының қымбаттап жатқаны бизнес пен халықтың наразылығына тап болғаны белгілі. Осы орайда, спикер энергия тарифтерін әртараптандыру саясатын ұстану қажеттігін айтады.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына субсидия беру керек. Сонымен қатар, бизнес субъектілері арасында да әртараптандырылған тариф пен тәуліктің әр уақытына әр түрлі тариф енгізген жөн. Мысалы, қуат ең көп тұтынылатын уақытта бағаны қымбат қылуға болады, – дейді.

Асылбек Салжановтың пікірінше, энергия тапшылығына майнерлің кінасы жоқ.

Тапшылыққа майнерлерді кіналап отыр. Тапшылықтың себебі отыз жылда ешқандай жаңа генерация салынған жоқ. Ал жыл сайынғы тұтыну көлемі тұрақты өсіп келеді. Керісінше, энергетика саласын дамыту үшін майнерлерді пайдалануға болар еді. Өйткені, майнерлер үлкен тұтынушы, тұрақты тұтынады. Тұтынған қуатын тұрақты төлей алады. Сонымен қатар, энергия ең көп тұтынылатын уақытта оларды желіден ажыратып, тұтыну тепе-теңдігін сақтандап отыруға болады, – дейді Асылбек Салжанов.        

2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жалпы қуаты 2388 МВт болатын 130 жаңартылмалы энергия көздерінің нысаны пайдалануға берілді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК электр энергиясын өндіру үлесі 4,5% құрады.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжілістің қарауында шағын ЖЭК нысандарын қаржыландыруға қатысты заң жобасы жатқанын хабарлаған едік. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама