×

Триллион теңге инвестиция: жаңартылмалы энергияның болашағы қандай?

Мәжілістің қарауында шағын ЖЭК нысандарын қаржыландыруға қатысты заң жобасы жатыр

 Бауыржан Мұқанов 25.05.2023 | 19:18
Фото: Halyq Uni

2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жалпы қуаты 2 388 МВт болатын 130 ЖЭК нысаны пайдалануға беріліп, ЖЭК электр энергиясын өндіру үлесі 4,5% құрады. Бұл туралы Qazaq Green Fest ЖЭК бойынша II халықаралық іскерлік фестивалінде айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Жаңартылмалы энергия көздерін дамыту – елдің экономикасын декарбонизациялау мен электр энергиясы саласын трансформациялаудың ең маңызды бағыты саналады. Энергеикалық ауысу процесі өте күрделі жол: онда түсініспеушілік те, қайшылық та болады, ал инфрақұрылымның жоқтығы, инвестиция тапшылығы мен мамандардың жетіспеушілігі өз алдына бөлек мәселе», – делінген Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың шараның ашылуына жазған құттықтау хатында.

Ерлан Қошановтың айтуынша, энергетиканы «жасылдандыру» – сәнді үрдіс қана емес, қазіргі заман қажеттілігі, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірден бір жолы.

«Осы орайда, елде ірі өнеркәсіптік ЖЭК нысандарын салумен шектелмей, халықтың да қуаттың осы көзіне ауысуына жағдай жасауы маңызды. Қазір Парламент Мәжілісінің қарауында депутат Дүйсенбай Тұрғановтың бастамасымен дайындалған шағын ЖЭК нысандарын қаржыландыру туралы заң жобасы жатыр. Талқыланып отырған қолдау шараларының арқасында жасыл энергетика технологиялары баршаға қолжетімді болатынына сенімдімін», – деді спикер.

Айта кетейік, 2018 жылдан бастап ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша аукциондық тетік іске қосылды. Нәтижесінде 5 жыл ішінде аукциондарға әлемнің 13 елінен 232 компания қатысты. ЖЭК секторы 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 2 мыңнан астам жоғары білікті тұрақты жұмыс орындары құрылды.

Үдемелі мемлекеттік саясат пен «жасыл» бағытты ұстанғандықтың арқасында соңғы жылдары ЖЭК секторы даму үшін қуатты ынталандыруға ие болды: экономиканы «көгалдандыру» елдің жаңа экономикалық саясатының негізгі қағидаттарының бірі болып танылды, энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесі бойынша нысаналы көрсеткіш 2030 жылға дейін 10%-дан 15%-ға дейін ұлғайтылды, 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданды. 2035 жылға дейінгі болжамды теңгерім қуаты 6 ГВт ЖЭК енгізуді көздейді.

Соңғы жылдары еліміздің электр энергетикасындағы жаңа қуаттардың өсуі жаңартылатын энергетика есебінен жүзеге асырылуда. Мәселен, 2019 жылдан 2022 жылға дейін (2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша) әдеттегі станциялардың қуатына 311,5 МВт қарсы қуаты 1908,2 МВт ЖЭК пайдалануға берілді.

ЖЭК іскерлік қоғамдастығын шоғырландыру мақсатында 2018 жылы «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы құрылды. Qazaq Green құрамына ЖЭК нарығының барлық негізгі ойыншылары: инвесторлар, девелоперлер, жабдықтарды жеткізушілер, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары, университеттер кіреді. Qazaq Green ҚР Энергетика министрлігінде, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінде, «Атамекен» ҚР ҰКП-інде аккредиттелген. Qazaq Green-дің табысты бастамалары: Qazaq Green ақпараттық-талдау журналын және «жасыл» экономика бойынша qazaqgreen.com жаңалықтар порталын шығару болып отыр.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама