×

Бухгалтер, заңгер, жүргізуші: Астанаға қандай мамандар жетіспейді

Бас қалада қазір 22751 ваканция жарияланған

 Ербол Тұрымбет 25.04.2023 | 10:29
Коллаж: Halyq Uni

Ақпанның соңында «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасының мерзімі өзгертілді. Әуелде 2025 жылға дейін жоспарланған уақыт 2029 жылға дейін ұзартылды. Өйткені, бағдарламаның мақсатты индикаторлары түгел елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ғана бағытталған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ал Үкіметтің оған алаңдайтын жөні бар. Себебі, бағдарламаны құрастырғанда мысалға алынған мәліметтер жұмыс ауқымының орасан екенін айғақтайды. Мәселен, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Павлодар облыстары мен республикалық қалаларда 2019 жылдан бері қарай күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халық үлесінің өсуі байқалады.

Бұған қоса, еңбек табысы салыстырмалы түрде жоғары екеніне қарамастан, төрт өңірде, атап айтқанда Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана және Алматы қалаларында нақты табыс өсімі тұрақсыз. Ол да проблема ретінде саналады. Ал қалған төрт өңірде – Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жағдай қиынырақ. Нақты табыстың тұрақты өспеуі, еңбек табысының төмен болуы, өзін-өзі жұмыспен қамту көрсеткішінің жоғары болуы, соның салдарынан халықтың көшу проблемасы байқалады.

Ал мемлекеттік бағдарламада сол қиындықтардан шығу үшін халықтың табысын арттыру, жұмысқа орналастыру мен кедейшілікті төмендету бойынша 2029-ға дейін жыл сайынғы KPI қойылған. Әр көрсеткішке жауапты министрліктер мен жергілікті әкімдіктері бекітілген.

ҚАЛАДА ЖҰМЫССЫЗДЫҚ АЗАЙЫП КЕЛЕДІ

Осы айтылған мәселелер тұрғысынан келгенде елорда тұрғындарының тұрмыс жағдайы өзгелерінен көш ілгері екенін статистика көрсетіп отыр. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны соңғы 4 жыл қатарынан тұрақты кеміп келеді. 2019 жылы осы көмекке 42 мың елордалық мұқтаж болса, 2020 жылы мұқтаждар қатары 25 372-ге дейін азайған. 2021 жылы 24 562-ге түссе, былтырғы мәлімет 21 209-ды көрсетіп отыр.

Қала халқы санының жыл сайын қарқынды өсуі бұл мәселеде кедергі болмапты. Наурыздың басындағы жағдай бойынша, Астанада 1 362 852 адам тұрады. Қаңтар-ақпан айларында халықтың табиғи өсімі 4748 адамды құрады. Көші-қон статистикасы да оң нәтиже беріп, соның әсерінен халық саны тағы 4 жарым мың адамға өскен. Оның ішінде тек 223 адам ғана сырттан көшіп келген екен. Қалғаны ішкі миграция өкілдері болып отыр.

Тұрмыс деңгейінің өзге өңірлерден әлдеқайда жоғары болуына бір жағынан бос жұмыс орындарының болуы да ықпалын тигізері анық. Қазір Астанада жұмыссыздық деңгейі (4,6%) республикалық көрсеткіштен төмен. Ал Enbek электронды еңбек биржасының мәліметтеріне қарасақ, бас қалада қазір 22751 ваканция жарияланған. Оның ішінде Астанаға 517 есепке алу жөніндегі техник, 322 бухгалтер, 276 заңгер мен 196 автокөлік жүргізушісі керек. Тағы 135 тігінші табылмай жатыр. Бұлардан бөлек, SMM, іс қағаздарын жүргізуші, шет тілі мен қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі, тәрбиеші сынды қоғам тіршілігіне аса қажет мамандар тапшы.

Осы қажет мамандар бойынша жуырда өткен студенттер мен жұмыссыз жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Онда 50 жұмыс беруші 500-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынып, қаланың экономикалық белсенді халқын денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс, қызмет көрсету және т.б. салаларға шақырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ол нәтижесіз де емес. Былтырдың өзінде 250-ден астам адам жұмысқа орналасыпты.

Айта кетейік, былтыр елордада жастарға арналған осындай төрт шара өткен еді. Онда 160-тан астам жұмыс беруші 1 800-ден астам бос жұмыс орнын ұсынған-ды.

КӘСІПКЕРЛІКТЕ ЖІГІТТЕРГЕ ҚАРАҒАНДА ҚЫЗДАРДЫҢ ҮЛЕСІ БАСЫМ

Бір қазығы, Қазақстанда жас кәсіпкерлер арасында жігіттерге қарағанда қыздардың үлесі басым екен. Оны Ұлттық статистика бюросының мәліметінен көруге болады.

Айталық, бүкіл елде 35 жасқа дейінгі шамамен 720 мың жеке кәсіпкер тіркелген. Оның 420 мыңы әйел заты болса, ерлер жағы 300 мыңға ғана жетіп тұр.

Жалпы, жас кәсіпкерлер арасында ең көбі, яғни 300 мыңға жуығы көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ, автомобиль жөндеу салаларында қызмет етеді. Одан соң түрлі қызмет көрсету саласында 174 мың шамасында жас кәсіпкер еңбектеніп жүр.

Жас кәсіпкерлердің ең көбі қалыпты жағдай бойынша Алматы қаласында тіркелген. Олардың саны 112 мыңға жуық. Ал елордада 77 жарым мыңнан асады. Одан бөлек, Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында 35-40 мың аралығында саналады.

Сол елордалық жас кәсіпкерлердің ішінде де қыздар жағы жігіттерден асып түседі. Жалпы 35 жасқа дейінгі кәсіпкерлер саны 77 578. Оның 33 мыңы жігіттер болса, 44 605-і қыздар болып шықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама