«Қазақтелеком» акцияларының 28,8 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылады
Бұған дейін Бағдат Мусин «Қазақтелеком» компаниялар тобын демонополизациялауды ұсынған еді
Қазақстан үкіметі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының кейбір мәселелері туралы қаулы қабылдады.
Сыйға тарту шарты бойынша «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының жарғылық капиталының 24,95%-ын құрайтын 2 671 481 жай акциясын республика меншігіне беру туралы Skyline Investment Company S.A. жеке компаниясының ұсынысы қабылдансын, — делінген қаулы мәтінінде.
Сондай-ақ «Alatau Capital Investment» ЖШС сыйға тарту шарты бойынша қоғамның жарғылық капиталының 3,85%-ын құрайтын қоғамның 413 412 жай акциясын республика меншігіне береді.
Осы қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақтелеком» компаниялар тобын демонополизациялауды ұсынған болатын. «Қазақтелекомға» рұқсат берген мен емес, бұрынғы үкімет» деп мәлімдеді Мусин.