×

«Қазақтелекомға» рұқсат берген мен емес, бұрынғы үкімет – Бағдат Мусин

Министр «Қазақтелеком» компаниялар тобын демонополизациялауды ұсынды

 Ербол Тұрымбет 06.04.2022 | 16:01

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақтелеком» компаниялар тобын демонополизациялауға қатысты түсініктеме берді. Министр компанияның осыдан 5 жыл бұрын екі ірі байланыс операторын сатып алып, нарықты жаулап алуына өзінің еш қатысы жоғын айтты. Яңни, оған бұрынғы Үкімет жол берген.

Нарықты белшеден басып отырған «Қазақтелеком» демонополизациялауға министрлік енді ғана кірісіп жатыр. Министр Мусиннің айтуынша, «Жаңа Қазақстан жаңа шешімдерге жол беріп жатыр». Демек, осындайда «өзгеріс болуы үшін қаңтар оқиғасын күтуіміз керек болғаны ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Министр пікірінше, ведомствоға осындай тапсырма берілген.

«Жалпы, бұрын нарықта мұндай жағдай барын көтеріп отырдық. «Қазақтелекомға» 5 жыл бұрын 2 операторды сатып алуға рұқсатты мен берген жоқпын, бұрынғы Үкімет берді. Мен министр болып келгелі 2020-2021 жылдары оларға бақылау жұмыстарын күшейтіп, біз олардың интернет орнатқан жерлерінің нақты тізімін жасадық. Екіншісі, депутаттармен бірігіп, айыппұлдарды 10 есе ұлғайту мәселесін талқылап жатырмыз. Үшінші мәселе, радиожиіліктердің монополиясы. Мен ана жылы да айттым: «75%-ы «Қазақтелекомда», оған бір нәрсе жасау керек» деп. Радиожиіліктер бойынша «Жаңа Қазақстан» пайда болғалы бері емес, мен 2021 жылы соттасып, «Қазақтелекомнан» 8 облыс бойынша тиімді қолданылмаған радиожиіліктерді тартып алдым. Қазір оларды аукционмен таратамыз», - деді министр.

Оның сөзінше, былтыр жаңа операторлардың пайда болуына мүмкіндік берілген. Мысалы, бұрын радиожиіліктер болмаса, лицензия берілмейтін. Ал лицензия болмаса, радиожиіліктерге қол жеткізе алмайтын еді. Мусин бұрынғы министрдің бұйрығына өзгеріс енгізген.

«Фискалды деректер операторы деген ұйым бар. Сату жұмыстарын жүргізген сондай әрбір ұсақ кәсіпкер «Қазақтелекомға» айына мың жарым теңге төлеуге мәжбүр. Бірақ неге мың жарым теңге? Біз оны зерттеп көрдік. Өйткені, ол оператор болуы үшін Үкімет шешімі бойынша телекоммуникациялық лицензия қажет деген талап қойылған. Сол талапты кеше алып тастау керек деп шештік. Соның арқасында бәсекелестік орта күшейеді. Екіншіден, ақысыз фискалды деректер операторлары пайда болады. Өйткені, ол бәсекелестік орта. Банктер де оператор болуы мүмкін», - деді Мусин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама