Елімізге Бразилиядан сиыр етін импорттауға тыйым салынды

Еркеғали Болатұлы

Бұл шешім өнімнің қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін

фото: artwolfe.com

Латын Америкасында ірі қара малдардан ауру табылғаны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Қазақстан Бразилиядан ет өнімдерін импорттауға 1 жылға тыйым салды.

Нақты айтқанда, АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті сиыр еті мен одан жасалған өнімдерді әкелуге уақытша шектеу енгізді.

Тыйым тек Бразилиядан келетін етке қолданылады. Өйткені бұған дейін Латын Америкасында ірі қара малдың губка тәрізді энцефалопатиясының (BSE) анықталғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Сарапшылардың пікірінше, шектеу шаралары енді өнімнің қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін. Себебі Қазақстан Бразилиядан сиыр етін арзанға сатып алып отырған еді. Ал импортқа тыйым салғандықтан баға 20-30 пайызға дейін көтеріледі.