Сауда министрі қымбатшылық шарықтаған өңірлерді атады

Ербол Тұрымбет

Ең қатты қымбатшылық Маңғыстау облысында

Фото: egemen.kz

2023 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляция елімізде 1,1%, оның ішінде азық-түлік 1,4%, азық-түлік емес 0,9%, ақылы қызметтер 0,7% құрады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана және Шымкент қалаларында 2,2%-дан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1,8%-дан, Ақтөбе облысында – 1,7%, Ұлытау облысында - 1,5% құрады.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері 1,7% болды. Апталық динамика +0,3, +0,4% болып қалыптасуда. 

Ал жыл басынан бері ең жоғары өсу қарқыны Маңғыстау облысында – 3,4%, Ұлытау облысында – 2,8%  және Астана қаласында - 2,5% байқалды. 

Тауарлар бөлінісінде жыл басынан бері ең жоғары өсім пиязда 22,5%, күріш 5,2%, қырыққабат 4,1%, сүт және сәбіз 3,1%, картоп 3,0%, рожки 2,6%-ды құрды.

Мысалы, Маңғыстау облысында:

  • бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыруға көзделген 3,6 млрд теңгенің 2 млрд теңгесі игерілмегені анықталды; 
  • «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы көкөністерді жеткізуге жасаған 5 қолданыстағы шарттың тек біреуі ғана өндірушімен жасалған, қалған 4 шарт көтерме саудагерлермен жасалған; 
  • өңірлік комиссиялардың отырыстарында өңірде жұмыс істеп тұрған 60-қа жуық көтерме саудагердің аясында барлығы 4 көтерме саудагермен жұмыс жүргізілді; 
  • өнімсіз делдалдарды анықтау және жою бойынша жұмыс нәтиже көрсетпеген. 

Жалпы, осы өңірдегі жаңа тәсілдер аясындағы жұмысты қанағаттанарлық емес деп санаймыз, – деді министр.

Оның сөзінше, Ұлытау облысы да бағаның өсуі бойынша көшбасшы. Бір жағынан, аймақ логистика тұрғысынан тұйықталған. Сонымен бірге, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен жергілікті бизнестің жұмысы әлі жолға қойылмаған. 

Сондай-ақ, Астана қаласында «айналым схемасы» тетігі бойынша қаржыландырудың бөлінген сомасы 14 млрд теңгені құрайды, бірақ өңір былтыр да, биыл да бағаның өсуі бойынша көшбасшылар үштігінде қалып отыр.