×

Ресейліктер жаппай Қазақстанда құрастырылған көліктерді сатып алуға көшті

Әрі қарай сату мақсатында бірден 10-20 автокөлік алып кететіндер де бар

 Еркеғали Болатұлы 10.01.2023 | 12:01
фото: ашық дереккөз

Ресейліктер Қазақстаннан жаппай көлік сатып алып жатыр. Түмен облысы өңірлік кеден бөлімінің мәліметінше, бізден көрші елге көлік әкету көрсеткіші 56 есе артқан.

Бұл жағдай шетелдік көлік өндірушілердің Ресейде жұмысын тоқтатқанына байланысты болып отыр.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, Қазақстаннан автокөлік сатып алу Ресей азаматтарына әлдеқайда оңайға түседі екен.

Геосаяси жағдайларға байланысты Қазақстанда құрастырылатын автомобильдерге ресейлік сатып алушылар тарапынан сұраныс артқан. Осыған байланысты барлық автомобиль брендтері іс жүзінде жоғалып кетті. 2021 жылы 1 млн 600 мың, ал 2022 жылы 600 мың автокөлік сатылған. Салыстырмалы түрде өскені рас, – дейді Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков.

Қазақстандық сарапшылардың айтуынша, көрші елдің азаматтары тек жаңа темір тұлпарларды алып жатыр. Әсіресе, кореялық көліктерге басымдық беретін көрінеді.

Ал дилерлік орталықтарды алсақ, Ресей үшін BMW, Toyota, Lexus сияқты көліктерді алу тиімсіз. Неге десеңіз, ондай бренд автокөліктердің жабдықтары Ресейде жоқ. Қазір Қазақстан – Корея, Біріккен Араб Әмірліктерінен және АҚШ-тан көлік таситын ірі көлік хабы. Елімізде көлік сатып алу қолжетімді, таңдау да үлкен. Сондықтан ресейліктер машинаны осы жақтан алуға тырысып жатыр, - дейді кәсіпкер Қанат Байжанбаев.

Ал көлік сату компаниясының қызметкері Нариман Түсіпбаевтың айтуынша, бізде баға әлдеқайда қолжетімді. Кореядан, Дубайдан келетін көліктер көп сұранысқа ие.

Hyundai sonata, Kia К5, Toyota көліктері сатылымның алдында тұр. Ресейден келіп, әрі қарай сату мақсатында бірден 10-20 автокөлік алып кететіндер де бар. Біздің кәсіпорында санкциялардан кейін көлік сатылымы 30% өсті, - дейді Нариман Түсіпбаев.

Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының алдын ала бағалауы бойынша, саудадағы қазіргі динамика сақталып, логистика жұмысы реттелсе, нарық былтырғы деңгейден тағы 10 пайыз өсім көрсететін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама