×

Едәуір зақым келген: Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазақстан» ТРК ғимараттары күзге дейін жөнделеді

Қаңтар оқиғасы кезінде 8 өңірде 42 мемлекеттік орган ғимараты қиратылды

 Қымбат Елтайқызы 14.03.2022 | 13:00
коллаж: Halyq Uni

Бүгін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ​​​​​​Қаңтар оқиғасынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары жайлы айтты.

Барлық нысанға техникалық тексеріс жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 28 ғимаратқа ағымдағы жөндеу жүргізу, ал 14 ғимаратқа күрделі жөндеу және реконструкция жасау қажеттілігі анықталды. Бүгінгі таңда 21 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Наурыз айының соңына дейін 5 ғимаратқа, биылғы мамыр және маусым айларында қалған 2 нысанға жөндеу жүргізіледі. Күрделі жөндеу мен реконструкциялауды қажет ететін 14 мемлекеттік нысанда жұмыс жүріп жатыр. Кестеге сәйкес, 7 ғимаратта жұмыстар наурызда, 5 нысанда маусымда аяқталады. Едәуір келген зақымды ескеріп, Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазақстан» ТРК ғимаратын қайта жаңарту жұмыстары биылғы қазанда аяқталады деп күтіліп отыр, – дейді Скляр Мәжіліс отырысында.

Оның айтуынша, тәртіпсіздік барысында 1 630 ШОБ субъектісінің мүлкіне шамамен 38,6 млрд теңгеге шығын келген. Өтемақы жергілікті атқарушы орган жанындағы өңірлік комиссиялар келген залал көлемін құжат негізінде растағаннан кейін төленеді. Кәсіпкерлер фискалдық деректерге сүйеніп, жеңілдетілген тәртіппен 10 млн теңгеге дейін ала алады. Төлемдер үкімет резервінен, сондай-ақ жеке қорлар есебінен беріледі. Биылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша, Өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 1630 өтініштің 1 192-сін мақұлдады. Қалған 438 кәсіпкер өтемақыны бағалау рәсімдері аяқталғаннан кейін алады.

Шағын және орта бизнес субъектілері келесідей қолдауға ие болды:

  • мемлекеттік мүлікті жалға алу төлемінен босату;
  • жеке және заңды тұлғалардың несиелер бойынша төлемдерін кейінге қалдыруды қамтамасыз ету;
  • қарыз алушыларға талап қою жұмыстарын және қарыз алушыны мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі туралы хабардар етуді тоқтата тұру;
  • салықтар мен алымдарды төлеу мерзімдерінің өзгеруі;
  • мемлекеттік кірістер органдары бастаған салық және кедендік тексерулерді тоқтата тұру және камералдық тексерулерге хабарламалар бермеу.

Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде 8 өңірде 42 мемлекеттік орган ғимараты қиратылғаны белгілі болды.

Осыған дейін мәжілісмен Жанарбек Әшімжан «Қаңтар оқиғасына» құқықтық баға берілу керек» деген болатын. Сондықтан Бас прокуратура мен Ішкі істер министрін сұрақтарға жауап беру үшін Мәжіліске шақыртқан еді.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама