Агенттік Яндекс.Таксиді тергеуді жалғастырады
Компанияның қызметі қымбат әрі жүргізушілерден де көп шағым түскен
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Яндекс.Таксиге қатысты тергеуді жалғастыратын болды, деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Алматы қаласы бойынша БҚДА департаментінің Яндекс.Таксиге 2022 жылғы тексерілетін кезең бөлігіндегі бұйрығының ішінара күшін жою туралы шешімін жариялады. Сот бұл шешімнің қабылдануын тергеу басталған 2022 жылғы талдаудың болмауымен байланыстырады.
Яндекс.Таксидің үлесі Алматы қаласы бойынша 2020 жылы – 83,78%, 2021 жылы – 84,34%, 2022 жылғы бірінші жартыжылдықта 95,3% болды. Астана қаласы бойынша 2020 жылы үлесі – 60,7%, 2021 жылы – 67,3%.
Яндекс.Таксидің бүгінгі жағдайы оның 2 жыл немесе одан да көп уақыт ішінде тұрақты өсуін көрсетеді. Бұл нарықтағы жалпы жағдайды бақылауға және айтарлықтай әсер етуге мүмкіндік береді, - деп жазылған хабарламада.
Яндекс.Такси комиссиясы – ҚҚС есебімен 17%, ал Яндекс.Такси бәсекелесінің ең жоғары нарықтағы комиссиясы – 12,5%. Сондықтан Яндекс.Такси комиссиясы нарықтағы ең жоғарғы көрсеткіштен 36% көп. Алматы қаласы бойынша бәсекелестің үлесі 2020 жылы – 0,6%, 2021 жылы – 0,3%.
Бұдан бөлек, Яндекс.Таксиден басқа, жүргізушілерден 4%-дан тұратын комиссияны серіктес такси парктері де алады. Бұл Қазақстанда жол жүру құнының жалпы қымбаттауына ықпал етеді.
Сот өз шешімін түсіндіру кезінде Яндекс.Такси тарапынан заңнаманы бұзу белгілері бары расталғанын келтіріп, уәкілетті орган тиісті талдау жүргізілгеннен кейін 2022 жылғы қызметі үшін тергеу ашуға құқылы деді. Осыған байланысты монополияға қарсы органның тергеуі жалғасатын болады, - деп жазылған хабарламада.
Бүгінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Яндекс.Таксидің 2022 жылы монополиялық жоғары бағаларды белгілеу тұрғысынан әрекеттерін талдап жатыр.
Жалпы, компанияға қатысты тергеуді бастауға клиенттердің компания белгілеген жоғары бағаға, ал жүргізушілердің комиссия көлемімен келіспейтіндіктері туралы көптеген шағым негіз болған.
Айта кетейік, бұған дейін Яндекс.Такси ісі бойынша сот шешімі шыққаны хабарланған еді. Сондай-ақ онда 200 мың қазақстандықьың жұмыс істеп жүргені айтылған.