Яндекс.Такси ісі бойынша сот шешімі шықты
22 маусымда бәсекелестік заңнамасын бұзғаны үшін «Яндекске» қатысты тергеу басталды
Алматы соты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Яндекс.Такси жұмысына қатысты бұйрығын заңсыз деп тапты, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Яндекс.ТаксиКорп» ЖШС сотқа Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне және агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаментіне тергеп-тексеру жүргізу туралы іс-қимылына және бұйрығына қатысты талап арыз жолдаған.
2022 жылдың 22 маусымында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бұйрығымен «Яндекс.ТаксиКорп» ЖШС-ға қатысты бәсекелестік заңнамасын бұзғаны үшін тергеу басталды.
2021 жылдың 1 тамызынан бастап 2022 жылдың 19 қыркүйегіне дейінгі аралықта тексеру жүргізілген.
Монополияға қарсы орган Кәсіпкерлік кодексінің 218-бабының талаптарына сәйкес тергеп-тексеру жүргізгенге дейін нарық субъектісінің үстем немесе монополиялық жағдайды анықтау мақсатында тауар нарығындағы бәсекелесінің жай-күйіне талдау жүргізеді.
Сотта агенттіктің тек 2020 және 2021 жылдары ғана тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жасағаны анықталды.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тауар нарығындағы бәсекелестік жағдайына 2022 жылы талдау жасалмағанын ескеріп, даулы бұйрықты заңсыз деп таныды. Осылайша әкімшілік талапты ішінара қанағаттандырды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда «Яндекс.Такси» мобильді қосымшасы арқылы жұмыс істеп жүрген 200 мың қазақстандық бір күнде жұмыссыз қалу қаупі бар екені айтылды.