Мұнай 76 долларға арзандады. «ҚазМұнайГаз» акциясын алғандар дивидендсіз қалуы мүмкін бе?

Ербол Тұрымбет

Кепілді дивиденд үшін мұнай 70 доллардан түспеуі керек

Коллаж: Halyq Uni

Мұнай бағасы соңғы күндері тұрақты түсіп келеді. Әсіресе, Еуроодақ 5 желтоқсаннан бастап Ресейден теңіз арқылы келетін мұнайға шекті бағаны 60 доллар етіп бекіткеннен кейін қара алтынның құнын жоғалтуы жеделдеді. Сол күні-ақ Brent маркасы мұнай 82,68 доллардан саудаланса, қазір 76 долларға төмендеді. Ал қазір бірқатар ақпарат құралы Ресейдің негізгі сорты саналатын Urals маркасының 9 желтоқсанда 43,72 долларға дейін құлдырағанын жазды. Себебі Urals-ты ешкім алмайды. Ал қазақстандық мұнай Brent-тен 10% арзанға, яғни 70 доллардан төменге сатылып жатыр. 

Мұнай бағасын арзандататын факт ретінде бірқатар ақпарат құралы АҚШ Энергетика министрлігінің мәлімдемесін келтірді. Соған сенсек, АҚШ 2023 жылы мұнай өндірісін рекордтық дәреже – тәулігіне 12,34 млн баррельге дейін арттырмақ. 

Әлемдік мұнай бағасы осы қарқынын жоғалтпаса, Brent бағасы көп ұзамай 70 доллардан да төмендеп кетуі бек мүмкін. Ол Қазақстан бюджеті үшін еш қауіп туғыза алмайды, себебі қаржыгер Андрей Чеботаревтің айтуынша, 2020-2023 жылдарға арналған бюджет жоспары барреліне 35 доллардан есептелген. 

Ал өткен аптада IPO-ны аяқтаған «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның жаңа қарапайым акционерлері дивидендтен қағылуы мүмкін бе? Жалпы, IPO қорытындысы бойынша жалпы құны 153,8 млрд теңгені құрайтын 129,9 мың өтініш түскен. Оның ішінде 128,7 мың қазақстандық 74,6 млрд теңгеге акция сатып алған. Әр акциясын бастапқыда 8406 теңгеден сатып алған біршама отандасымыз ізін суытпай 300-400 теңге қосып, қайталама саудаға шығарып та үлгерді. «Самұрық Қазынаның» әлеуметтік желілердегі парақшаларында күн сайын тікелей эфир өткізген компания өкілдері мен сарапшылар бұл IPO-ның азаматтарымыз үшін мол мүмкіндік екенін жиі қайталады. Бірақ ҚМГ акционерлеріне дивиденд төлеуі үшін мұнайдың жылдық орташа бағасы 70 доллардан түспеуі керек. Сонда ғана компания алдағы үш жыл ішінде бүкіл акционеріне 200-250 млрд теңге аралығында кепілді дивиденд төлейді. 

Жоғарыда аталған жайттар мұнай бағасына кері әсер етіп жатқанын сарапшылар растайды. Әйтсе де ҚМГ-дың су жаңа қарапайым акционерлері үшін еш қауіп жоқ деген сенім білдірді. 

QAMS басқару кеңесінің мүшесі Арман Батаевтың айтуынша, биылдыққа жы бойы мұнай бағасы 90 доллардан жоғары болып тұрды. Сондықтан қысқамерзімде төмендеп, 70-ке түскен жағдайда да жылдық орташа бағаға үлкен әсер етпейді, сондықтан үлкен қауіп жоқ деген ойда. Және осы 11 айдың қорытындысы бойынша АҚШ-тағы мұнай қоры тым азайып кеткен. 

Айта кетейік, мәліметтерге қарағанда, АҚШ-тың стратегиялық мұнай қоры осымен қатарынан 65 апта бойы азайып келе жатыр, 1984 жылғы ең төменгі деңгейге жеткен. Соның ішінде биыл 35%-ға азаюы ел тарихында болмаған үлкен көрсеткіш. 

Сондықтан олар қорын қайта толтыра бастағанда қайтадан жаңа сұраныстар пайда болады. Оның үстіне, қазір Қытай ковид шектеулерін алып тастар жатыр. Ол да мұнай бағасына оң ықпал етеді. Сондықтан бір-екі аптаға 70 доллардан түсіп кетуі мүмкін, бірақ ұзақмерзімде 70-тен төмен болады деп ойламаймын, дейді Арман Батаев.

Оның сөзінше, ҚМГ еншілес компанияларынан, оның ішінде Каспий құбыр консорциумы болсын, Қашаған болсын – бәрінен дивидендтерін тамыз-қыркүйек айларында алып болған. Сондықтан ҚМГ 2022 жыл үшін дивидендтерін төлей алады. Ал келер жыл үшін баға 70-тен тұрақты төмен болып тұрса, қауіп болады. Бірақ әлгінде айтқандай, үлкен екі негіздеме – АҚШ-тың мұнай қорын толтыруы мен Қытайда іскерлік белсенділіктің артуынан мұнай бағасы түсе қояды деп ойламайды.