Ресейдегі ішінара мобилизация: Қазақстан экономикасына әсер етті ме?

Дәурен Ерболат

Елімізге білікті IT-мамандар келген

Фото: Halyq Uni

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 21 қыркүйекте Ресейде жарияланған ішінара мобилизация Қазақстан экономикасына қалай әсер еткенін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан министрден журналист «Ресейде ішінара мобилизация жарияланғанына 2 ай өтті. Бұл жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер етті? Жағымды және жағымсыз жақтарын айтып берсеңіз. Салдары болды ма?» деп сұрады.

Әлібек Қуантыров ішінара мобилизацияның жағымсыз жақтарын айтқан жоқ, тек жағымды жағына тоқталды.

Бұған дейін бұл жағдайдың уақытша құбылыс екенін айтқанмын. Шынымен де солай болды. Қазақстанға келген ресейліктердің үштен екісі, яғни (Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін – автор) алғашқы 2 аптада 200 мың ресейлік елден шығып кетті. Олар Қазақстан аумағын транзит ретінде пайдаланды. Қалғандары Қазақстанда тұруға ықтиярхат алмаса, оқуға түспесе және емделмесе, елде 90 күн бола алады. Олардың осындай құқығы бар. Алғашында әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ түсті. Жалпы мәселе шешілді. Қазақстан өзінің қонақжайлылығын көрсетті, - деді ведомство басшысы.

Оның пікірінше, ішінара мобилизация Қазақстанға білікті IT-мамандарды тартуға мүмкіндік берген.

Жағымды жағына тоқталайын. Мысалға жоғары біліктілікті талап ететін салаларды алайық. Бұл жағдай салада әділ бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтарымыздың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, IT саласы. Коронавирус пандемиясы бұл саланың дамуына серпін берді. Сондай-ақ бізге (ішінара мобилизация кезінде – автор) Ресей, Беларусь және Украинаның IT-мамандары ағылды. Менің ойымша, бұл экономиканың дамуына оң әсер етеді. Оның ішінде цифрландыру саласы бар, - деді Әлібек Қуантыров.

Сондай-ақ министр елде сұраныс артқанын атап өтті.

«Мұндай жағдай сұранысқа әсерін тигізеді. Әрине, бұл бағаға әсерін тигізді. Басында ажиотаж болды. Кейін жағдай тұрақталды. Адамдар осында келіп, түрлі қызметтер мен тауарларды сатып алды. Осылайша, біз қызметтерді экспорттадық, яғни осындағы қызметтерді ресейліктерге саттық. Мұны қызмет көрсету экспорты дейді. Бұл жалпы сауда балансына оң әсерін тигізді», - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.

Айта кетейік, биыл 21 қыркүйекте Ресейде ішінара мобилизация жарияланған еді. Сол кезде Ішкі істер министрлігі Қазақстанға тек заңға бағынатын ресейліктер келіп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ресейліктерге көмектесу керектігін айтқан еді.

Ал Ресейде ішінара мобилизация 1 қарашада аяқталды.