Halyq Uni логотип
×

«Үй бағасын өсірген – ипотека». Сарапшылар ипотекалық бағдарламаларды алып тастауды ұсынады

Биыл ипотека көп рәсімделіп, көлемі де едәуір артқан

 Ербол Тұрымбет 14.11.2022 | 11:52
«Үй бағасын өсірген – ипотека». Сарапшылар ипотекалық бағдарламаларды алып тастауды ұсынады
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстандықтар ипотеканы көбірек ала бастады. Krisha.kz мәліметінше, жыл басынан бері 131,2 мың отандасымыз несиеге баспана рәсімдеген. Ал биылғы 10 айдағы ипотекалық қарыздар саны былтырғы салыстырмалы кезеңге қарағанда 1,2% өскен.

Оған қоса, ипотека көлемі де айтарлықтай артып отыр. Ол шамамен 18,8% өсім көрсеткен. Яғни, былтырғы 10 айда орташа көрсеткіш 13,1 млн теңге болса, қазір ол 15,5 млн-ға жеткен.

Ұлттық статистика бюроасының мәліметінше, 2021 жылдың қазан айынан 2022 жылдың қазан айына дейін қолданыстағы пәтерлер бағасы – 27,1%, жаңа тұрғын үй бағасы 16,6% өскен.

Өңірлер ішінде былтырдан бері жаңа үйлер Ақтөбе қаласында 30,3%, Өскеменде 26,3%, Қостанайда 25,4% қымбаттаған. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімі Талдықорған (44,6%), Семей (44%), Ақтау (43,3%), Ақтөбе (42,4%) қалаларында қатты байқалды.

2022 жылдың қыркүйек-қазан айлары аралығында қолданыстағы пәтер бағалары – 2,1%, жаңа тұрғын үйді сату 0,9% өскені байқалған.

Алайда Қазақстан риэлторлары бірлескен қауымдастығының президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко бұл статистикаға қайшы пікірде. Оның есебінше, нарықта жалпы сауда көлемі айтарлықтай азайған. Дегенмен, сауда бәрібір жақсы жүріп жатыр. Мысалы, тамыз айында 35 686, қыркүйекте 36 241 сауда өткен. Жақын арада экономикада күрт өзгеріс бола қоймаса, сауда көлемі осы қалыппен жалғаса береді деген сенімде.

Оның ойынша, өкініштісі, нарықта баспана бағдарламасы жасаларда тиісті деген параметрдің бәрі бірдей ескеріле бермейді. Соның кесірінен бағдарлама жұмыс істемей қалады. Мысалы, «7-20-25»-те солай болған. Оған бөлінген қаражат баяу игерілді, өйткені несие берудегі шектеулер нарыққа сай келмеді. Яғни, бағдарлама бар, бірақ оған сай келетін үй аз.

Жұртты бұдан әрі иллюзияға батыра бермеу керек. Себебі бір жылдың ішінде «күзгі баға құлдырауы» немесе «қысқы баға құлдырауы» деген кезең болмайды. Ел экономикасы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр, сондықтан әрбір азаматқа өзінің мүмкіндігі мен қанша шаршы метр қажет екенін бағамдау керек. Сол екі параметр сай келсе, баспананы дәл қазір сатып алған дұрыс, дейді сарапшы.

Баспана нарығына қатысты бұған дейін Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов халыққа 3%-дық ипотека керектігін айтқан еді.

Ал қаржыгер Андрей Чеботаревтың ойынша, керісінше нарықта баспана бағасын қымбаттатып отырған негізгі себептердің бірі нақ осы жеңілдетілген ипотекалар. Сондықтан үй бағасының өсімін тежеп, әрі қарай төмендеткіміз келсе, ешқандай да жеңілдетілген бағдарлама болмауы керек. Себебі нарықтың қызуы басылмаса баға түспейді. Ал базалық мөлшерлемеден екі есе төмен пайызбен несиемен алғысы келетіндердің сұранысы шынайы сұраныс емес, ол тек бағасы өсіре береді деген пікірде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама