×

«Жаңа ипотека бағаны тағы өсіреді». Сарапшылар баспананы қазір сатып алу керегін айтты

Қазақстандықтардың 40%-ы ғана ипотека ала алады

 Ербол Тұрымбет 20.10.2022 | 16:51
Коллаж: Halyq Uni

Мамандардың есебінше, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына бөлінген қаражат лимиті жыл соңына дейін бітуі тиіс. Оның орнын баспана нарығында «Бәйтерек» холдингі дайындап жатқан «12-20-20» алмастырмақ. Ал өткен апта басында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «7-20-25»-ке балама бағдарлама дайындайтындарын айтты. Бірақ қашан іске қосылады, 7% мөлшері сақтала ма, нақтысы белгісіз. Ал сала мамандары жаңа бағдарламаны күтпестен, баспананы қазір сатып алу керектігін айтып отыр.

ХАЛЫҚҚА 3%-ДЫҚ ИПОТЕКА КЕРЕК

Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің айтуынша, қазір баспана нарығының барлық санатында стагнация байқалады. Оның себебі, екінші деңгейлі банктер несиені халықтың көп бөлігінің қолы жетпейтін жоғары пайызбен береді. Оның үстіне, халықта да баспана алатын ақша жоқ. Үй алатын он адамның тоғызы ипотекалық несиеге жүгінеді. Оның пікірінше, бұл нарықтың тұралап қалғанының нақты көрсеткіші. «Отбасы банкімен» алайын десе, оның өз талаптары бар.

Сондықтан, егер қазіргі «7-20-25» секілді бағдарламаларға қатысатын мүмкіндік болса, сол мүмкіндікті пайдаланып қалуға кеңес береміз. Өйткені басқа бағдарламаны күтіп отыра бергеннен пайда жоқ. Жоспарланып отырған 12% мүлде тиімсіз, дейді маман.

Оның ойынша, шынтуайтына келгенде, халыққа 3%-дық ипотека керек. Ал әлеуметтік әлсіз топтарға 1-3% аралығында беруге болады. Сонда ғана баспана нарығы қозғалады. Оның үстіне, 12%-дық бағдарлама үлестік құрылысқа және қолданысқа енгізілген жаңа үйлерге арналған. Яғни, бағдармала ескі үйлерге жүрмейді. Және де қазіргі жағдайда халық үшін 12% қымбат деген пікірде.

Сондай-ақ, жоспарланып отырған бағдарлама қашан және қандай шарттармен іске қосылатыны белгісіз. Сарапшының сөзінше, мемлекет оны қолға алып жатса, онда «Отбасы банкі», яғни мемлекеттік оператормен жүргізген дұрыс. Тек банктер арқылы жүргізудің қажеті жоқ. Себебі ЕДБ-тер қалайда 5%-ға дейін өз пайдасын ұстайды. Оны сосын мемлекет субсидиялауға мәжбүр болады. Одан да банктерді араластырмай, «Отбасы банкі» арқылы ешқандай маржасыз іске асырған дұрыс деген ой айтады.

ХАЛЫҚТЫҢ 40%-Ы ҒАНА ИПОТЕКА АЛА АЛАДЫ

Қазақстан риэлторлары бірлескен қауымдастығының президенті Александр Пактың айтуынша, ипотеканың қолжетімділігін жеңілдетілген несиемен емес, халықтың табысын арттыру арқылы жасау керек. Қазақстанда ипотекаға деген қолжетімділік 40%, тіпті одан да төмен. Ал батыс елдерінде 90%. Соған әлгі айтқан табысты арттыру арқылы жету керек.

Себебі кез келген жеңілдетілген бағдарлама экономикаға зиян. Оны тек әлеуметтік жағдайы нашар мұқтаждар үшін ғана сақтап қалу керек. Ал жалпы мұндай жеңілдетілген бағдарламалар бағаны өсіріп жібереді. Ондай жағдай ешкімге керек емес, дейді ол.

Ал қазіргі нарықтың стагнацияға ұшырағанын, соның әсерінен баға қазір шынымен арзандап жатқанын ол да растайды.

Жылжымайтын мүлікті бағалаудың бір әдісі түпкілікті сауда бағасын салыстыру. Яғни, саудаға қойылған баға емес, нақ сатылып жатқан кездегі бағасы. Олар әуелгі бағасынан 10-15% төмен. Ал нарыққа шығарылған баға ол тек баспана иесінің қалауы ғана. Тек оның нақты статистикасы жоқ. Ол тек әділет органдарында және риэлторларда ғана болады, дейді.

Ал бағаның қаншалық қымбаттайтынына келгенде, бұдан әрі тым шарықтап кетпес, бірақ әрдайым инфляция деңгейіне сай шаршы метр құны шамамен ірі қалаларда 1,5%, өңірлерде одан да төмен қымбаттап отырады деген пікірде. Себебі сауда нарығында белсенділік төмен. Ал жаңадан жеңілдетілген бағдарлама шыққан бойда сатып алу көрсеткіші артады да баға да өсетінін айтып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама