Бұған дейін Қазақстанда ірі және ұсақ малды, картоп пен сәбізді экспорттауға тыйым салынған болатын
Бүгіннен, яғни 2022 жылғы 22 ақпаннан бастап, Қазақстан аумағынан картоп пен сәбізді алып шығуға шектеу алынып тасталды. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ал 2022 жылғы 22 қаңтардан бастап әлеуметтік маңызы бар сауда-саттық тауарларының бағасын ырықтандыру мақсатында сыртқа алып кетуге шектеу қойылған еді.
2022 жылғы 28 қаңтарда өткен сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарда қатысу мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша, Қазақстан аумағынан картопты және сәбізді әкетуге қолданыстағы тыйым салуды алып тастау, 144,5 мың тонна көлемінде картопты және 57,5 мың тонна көлемінде тұқымдық картопты әкетуге биылғы 1 мамырға дейінгі мерзімге сандық шектеуді бір мезгілде енгізу бойынша шешім қабылданды, – дейді Мемлекеттік кірістер комитеті.
ВАК шешімі негізінде Ауыл шаруашылығы министрінің «Қазақстан аумағынан жекелеген тауарды әкетудің кейбір мәселелері туралы» 2022 жылғы 18 ақпандағы №44 бұйрығы қабылданды. Бұл бұйрыққа сәйкес, кортопты сыртқа алып кетуге квота бекітілген.
Бұған дейін Қазақстанда ірі және ұсақ малды, картоп пен сәбізді экспорттауға тыйым салынған болатын. Салдарынан картопқа толы 40 вагон теміржол станциясынан өткізілмеді. Сондай-ақ қазақстандық шаруа 42 тонна сәбізін Ресейге шығара алмады.