×

Елімізде жылқы етінің бағасы шарықтап барады

Қой еті ғана аз қымбаттаған (0,6%)

 Еркеғали Болатұлы 11.10.2022 | 15:05
фото: ашық дереккөз

Биылғы қаңтар-тамыз айларында ірі қара, шошқа, қой, ешкі, жылқы жануарлардың жас немесе тоңазытылған етін өндіру 46,8 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7 пайызға көп деп хабарлады Energyprom.kz.

Үй шаруашылықтарында ет тұтынуы бірінші жартыжылдықта 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайыз өсіп, орта есеппен жан басына шаққанда 19,5 келі болды. Бұл ретте ауылдық жерлерде орта есеппен жан басына шаққанда 20,9 келі (2,4% көбейген), қалалық жерлерде 18,5 келі (2,9% көбейген) ет тұтынылған.

2022 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанда ет тұтынудың негізгі көлемі сиыр етіне тиесілі: орта есеппен жан басына шаққанда 12 келі – 2021 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 2,1 пайыз артық. Одан кейін жылқы еті мен қой еті келеді: сәйкесінше 3,2 және 2,6 келі. Шошқа еті орта есеппен жан басына шаққанда 1,7 келі болды.

Биылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша, ет бағасы түрлеріне қарай бір айда 0,6 прайыздан 1,8 пайызға дейін, бір жылда 7 пайыздан 15 пайызға дейін қымбаттады.

Сүйегі бар сиыр етінің бағасы бір айдың ішінде айтарлықтай өсті (1,8%). Шошқа еті 1,5 пайызға, ал жылқы еті 1,3 пайызға қымбаттады. Қой еті ғана аз қымбаттаған (0,6%).

Жылдық динамика бойынша жылқы еті айтарлықтай қымбаттады (15%). Қой мен шошқа еті – 12,7%, қазақстандықтар көп жейтін сиыр еті 7% қымбаттады.

2022 жылдың қыркүйегінде қалаларда сүйегі бар сиыр етінің бөлшек саудадағы келісі орташа есеппен 2 387 теңге, қой еті 2 660 теңге, шошқа еті 2033 теңге, жылқы еті 2932 теңге болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама