×

Назарбаев: «Мұхамедханов, кто это?». Тоқаев: «Ол еліне адал қызмет етті» (ВИДЕО)

«Абайтану, Әуезовтану, басқа тану... соның барлығына қоя бересің бе атты, Астанадан?» - деген еді экс-президент

 Еркеғали Болатұлы 30.09.2022 | 18:04
фото: ашық дереккөз

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапары барысында Семейде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов пен оның шәкірті, ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Ұстаз бен шәкірт» атты ескерткішін салтанатты түрде ашты.

Бұл – ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасындағы рухани бірліктің символы. Шын мәнінде қос алыпты бөле-жарып қарау мүмкін емес. Олар Абай мұрасын зерттеп, дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Төл әдебиетімізді жаңа белеске көтерді… Мұхтар Әуезов – әлем әдебиетінің шыңына көтерілген қаламгер. Ал Қайым Мұхамедханов – ұлы жазушының жақын серігі әрі шәкірті. Ол бүкіл ғұмырын Абайтану, Шәкәрімтану және Алаштану ғылымына арнады. Қуғын-сүргінге ұшыраса да тағдырдың сынағына қарсы тұрып, еліне адал қызмет етті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол ұлт тарихындағы біртуар тұлғаларымызды ұлықтау парыз екенін және бұл ескерткіш Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық тойына тарту болғанын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы шараға қатысуға келген бір топ зиялы қауыммен кездесті. Олардың қатарында жазушы мен ғалымның ұрпақтары, абайтанушылар, осы өңірде туып-өскен бірқатар ақын-жазушылар болды.

Еске сала кетсек, 2018 жылы 5 сәуірде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев елорданың бір көшесіне Қайым Мұхамедхановтың атын бергелі жатқан қала әкімдігіне тосқауыл қойған болатын. Сол сәтте ол көшелердің жаңа атауын таныстырған Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевқа шүйлікті.

Мұхамеджанов... Мұхамедханов, кто это? Айтшы маған! - деп дүрсе қоя берді Назарбаев Аманшаевқа.

Қала әкімнің орынбасары Қайым Мұхамедхановтың Абайтану ғылымының негізін қалаған белгілі академиктердің бірі екенін айта бастады.

Абайтану, Әуезовтану, басқа тану... соның барлығына қоя бересің бе атты, Астанадан? Астанаға қандай қатынасы бар? - дейді одан әрі экс-президент.

Ал бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткіштің ашылу салтанатына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Әуезов пен Назарбаев танымаған Мұхамедхановтың төл тарихымызда ерекше орын алатынын салмақты да сауатты қалыпта тұрып атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама