×

Мемлекет басшысы үкіметке Абай облысын дамытуды тапсырды

Бұл менің президент ретіндегі парызым деп айтсам, артық емес, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 30.09.2022 | 16:30
фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының халқымен кездесуде жергілікті билік органдары мен кәсіпкерлерге өңірді жан-жақты дамытуға тапсырма берді.

Кездесуде әуелі мемлекет басшысы Абай облысының аграрлық аймақ екеніне ерекше назар аударды.

«Кезінде Семей өңірі бүкіл республикаға, тіпті, алыс-жақын шетелдерге ет, сүт, тері, жүн және басқа да өнімдер шығаратын. Облыстың осы әлеуетін қалпына келтіру қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын жандандыру керек. Бұл – аса маңызды міндет. Тағы бір өзекті мәселе – бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару. Мен бұл жұмысты бүкіл ел аумағында жүргізуді тапсырдым. Абай облысында қазірдің өзінде осындай 200 мың гектар жер анықталды. Соның 62 мың гектары қайтарылды. Қайтарылған жерлерді жергілікті шаруаларға әділ үлестіріп, ел игілігіне тиімді пайдалану аса маңызды. Жалпы, бұл жұмыс одан әрі жалғасады», – деді президент.

Президент жаңа облыс құру оңай шаруа емес екенін айта келіп, барлық салада жан-жақты және мұқият ойластырылған жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды.

«Үкіметке жақын арада Абай облысын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Келешекте облыс өзін-өзі толыққанды қамтамасыз ете алатын, өркендеген аймаққа айналуға тиіс. Қасіретке шалдықса да, қасиетін жоғалтпаған өлкені барынша дамыту – ортақ парыз. Бұл менің президент ретіндегі парызым деп айтсам, артық емес. Осы орайда, бір мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Шын мәнінде, ұлтты жаңғыртудың негізі саясат пен экономикадан гөрі білім мен мәдениетте жатыр деуге болады. Семей өткен ғасырдың басында қазақтың рухани астанасы саналған. Абай бастап, Алаш арыстары жалғаған ұлы жол ұлтымызды есейтіп, мүлде жаңа деңгейге көтерді. Олар қазақтың болашағы қандай болуы керектігін айқындап берді», – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарды дамытуға мемлекет қана емес, бизнес өкілдері де атсалысуы қажет екенін жеткізді.

«Мен осы өңірден шыққан іскер азаматтарды Абай облысын бірге көркейтуге шақырамын. Мектеп, емхана және басқа да әлеуметтік нысандарды мемлекет пен жеке сектордың серіктестігі аясында салуға мүмкіндік бар. Ауыл-аймақты өркендетуге әрбір азамат пайдасын тигізе алады. Ағаш отырғызу, көшелерді, тіпті, ауланы қоқыстан тазарту сияқты қарапайым жұмыстар – туған жерге деген жанашырлықтың көрінісі. Жастарымыз ұқыпты, белсенді, білімді, өз ісіне жауапты болуы керек. Ең бастысы, ізгі ниет, ортақ іске деген тілектестікке адал болуымыз қажет. Мен әрдайым айтып жүрмін. Тағы да қайталап өткім келеді. Отаншылдық құр сөзден емес, нақты істен көрінеді», – деді президент. 

Сондай-ақ ол кездесуде Үкіметке облыстың білім және ғылым, өнер және мәдениет, көлік-логистика саласын дамытуды тапсырғанын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама