Halyq Uni логотип
×

Бағдат Мусин ресейліктерге ЖСН алудың оңай жолын көрсетті

Енді олардың телефон нөмірлеріне 1414 қызметінен СМС-хабарлама түрінде жіберіледі, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 29.09.2022 | 16:01
Бағдат Мусин ресейліктерге ЖСН алудың оңай жолын көрсетті
фото: facebook.com

Бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Астана қаласы әкімдігінің қызметкерлерімен бірге «Жастар» сарайында жедел түрде ашылған Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты.

Бұл мекеме қаланың басқа да Халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктемені азайту үшін ашылған болатын. Қазіргі уақытта өз отандастарымызға бірінші кезекте, кедергісіз, штаттық режимде қызмет көрсетіліп келеді.

Министр ХҚКО-на барғаннан кейін мынадай қорытынды шығарғанын айтты.

Ресей Федерациясынан келген азаматтар санының көптігінен, операторлар ұзын-сонар кезекте тұрғандарды қабылдап үлгермеуде. Ресей азаматтары ХҚКО-ға келіп, құжаттарын ұсынып, олардың деректері базаға енгізілгеннен кейін екінші күні ЖСН алу үшін тағы да ХҚКО-ға қайта барады екен. Бұл олардың да, ХҚКО операторларының да көп уақытын алады.

Енді ЖСН алуға өтініш берген адамдарға екінші рет келудің қажеті жоқ. ЖСН олардың телефон нөмірлеріне 1414 қызметінен СМС-хабарлама түрінде жіберілетін болады. Бұл дайын ЖСН алу үшін кезекте тұрған барлық ХҚКО клиенттеріне қатысты. Бұл өз кезегінде адамдардың халыққа қызмет көрсету орталықтарында шоғырланбауына септігін тигізеді.

Бүгін біз екінші деңгейлі банктерге ЖСН деректер базасында берілетіні туралы ақпаратты жеткіземіз. Нөмірді енгізген кезде кез-келген азамат туралы ақпарат автоматты түрде шығатын болады, –  деді ол.

Ол ХҚКО қызметкерлеріне ештеңеге қарамастан, жедел түрде қызмет атқарып жатқандары үшін алғыс айтып, жағдайды бақылауда ұстайтынын хабарлады.

Бұған дейін ресейліктерге ЖСН алудың қандай мүмкіндікті беретінін жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама