×

Хат жазып қалдырған оқушының өлімі: мектеп директоры пікір білдірді

Жасөспірім 9-сыныпта оқыған

 Ұлдана Жұбай 26.09.2022 | 17:51
Коллаж: Халық үні

Таразда 25 қыркүйекте 14 жастағы оқушы 12-қабаттан секіріп, оқиға орнында қайтыс болды. Қазір қайғылы жағдайға байланысты тергеу жүріп жатыр.

Жасөспірім қаладағы №24 гимназияда 9-сыныпта оқыған. Мектеп басшылығы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Қайғылы жағдайға байланысты ұстаздар және ата-аналар қауымы қайғырып, көңіл айтамыз. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның қорытындысы шықпай, ештеңе айта алмаймын», - деді №24 гимназия директоры Ләззат Қызылқұлова.

Жергілікті Taraznews арнасының хабарлауынша, жасөспірім қайтыс болар алдында «Вконтакте» желісіндегі өзінің жеке парақшасында жазба қалдырған. Ол жерде ата-анасынан, туыстарынан және сүйікті қызынан кешірім сұрап, олардың көңілін қалдырғанын жазған.

«Марқұм оқыған №24 гимназияның оқушылары мен ата-аналары жасөспірімнің жақында мектепте бірқатар мәселелерге тап болғанын айтады. Сөздерінше, оны бірнеше күн қатарынан «ерекше» имиджі, яғни ұзын шашы үшін сабақтан шығарып жіберген. Сондай-ақ мектеп ата-аналары жақында ғана тағайындалған гимназия директорының білім алушыларға қатаң талап қоятынын айтады», - деп жазылған желідегі жазбада.

Қазір әлеуметтік желі қолданушылары да бұл жағдайға мектеп директорын кінәлап отыр.

Мен мектептегі қатаң тәртіпті тек заң аясында ұстанамын. Әрбір талап заң шеңберінде қойылады. Сондықтан білім ұясында ешқандай жанжал болған емес. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр, - деді Ләззат Әбілдақызы.

Қайғылы жағдайға байланысты Тараз қаласының әкімі де баланың ата-анасы мен жақындарына көңіл айтты.

«Бұл жағдай бәрімізді есеңгіреткені рас. Қайғыдан қан жұтқан отбасыға, баланың жақындарына көңіл айтамын. Әрине, ауыр жағдай. Ата-аналарға бала тәрбиесіне көңіл бөліп, бақылаусыз қалдырмауларын сұранамын!», – деп жазды қала басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, қазір жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсау себептері анықталып жатыр. Оның өлім алдында қалдырған хатын тиісті мамандар зерттейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама