Қызылжар ауылынан шыққан жүкті әйел көлікте босанып қалды

Еркеғали Болатұлы

Дәрігерлер 5 минуттан кейін барған

фото: ашық дереккөз

Павлодар облысының тұрғыны көлікте әйелді босандырып алды деп хабарлады облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі.

Бала Қызылжар ауылынан облыс орталығына бара жатқан жолда дүниеге келген. «103» қызметіне қоңырау сағат 03:16-да түсіпті. Хабарлаушы 28 жастағы әйелдің тасжолда, көлік ішінде босанып жатқанын айтқан.

Бірінші жеделдік санаты бойынша ол жерге жақын маңдағы медициналық бригада жіберілген. Дәрігерлер 5 минуттан кейін барған, бірақ бұл уақытта нәресте дүниеге келіп үлгерген. Анасының әпкесі көмектескен.

Дәрігерлер жаңа туған нәрестенің кіндігін өңдеп, баланы сүртіп, жылытқан.

Нәрестенің салмағы шамамен 3,1 келі, бойы – 52 сантиметр. Жағдайы тұрақты. Анасымен бірге облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді.