Қырғызстан Тәжікстанды ҰҚШҰ-дан шығаруды ұсынды

Динара Амантай

Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы үйымның жарғысына өзгертулер енгізу қажет деп есептейді

Фото: t.me/aqorda_resmi

Қырғызстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жарғысын қайта қарауды ұсынып отыр. Бұл туралы бүгін дөңгелек үстелде Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманқұлов мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі 24.kg сайтына сілтеме жасап.

Хатшының айтуынша, бүгінде ұйымда қатысушылар арасындағы дауларды реттеудің тетіктері жоқ. Сонымен қатар елдер арасында қақтығыстар туындап жатыр. Бұл жағдай елдердің қауымдастыққа қатысу ережелерін қайта қарау қажеттігін аңғартады.

Біз бұл мәселені көтермекпіз. ҰҚШҰ елдері арасында туындайтын барлық мәселелер бейбіт жолмен шешілетіндей ереже енгізу қажет. Егер біреу мәселені күшпен шешуге үміттенсе, оны ұйымнан шығаруды ұсынамыз. Сыртқы қауіп-қатерден қорғану үшін ҰҚШҰ-ға мүше боласың да, ал іс жүзінде ұйымның ішіне кіретін елмен жанжал туындайтын болса, онда оның не қажеті бар? ҰҚШҰ жарғысына бір-біріне қарсы қоқан-лоқы көрсететін елдерді құрамнан шығарып тастауды көздейтін өзгертулер енгізу қажет деп есептеймін, - деді Марат Иманқұлов.

Сонымен бірге ол Қырғызстанның шекара мәселелерін шешуге қатысты ұстанымын айтты. Айтуынша, барлық даулар тек келіссөздер барысында бейбіт жолмен шешілуі керек.

«Біреулер бізді күш немесе агрессия қолдану арқылы көндіреміз деп үміттенбей-ақ қойсын. Ол ешқашан болмайды. Біз берілмейміз, бірақ дауларды бейбіт жолмен шешуді қолдаймыз. Тәжікстан бізге жау емес, дос ел. Біз ғасырлар бойы қатар өмір сүрдік. Тәжік халқының бұған еш қатысы жоқ. Олар – жай ғана қазіргі жағдай мен жүргізіліп жатқан саясаттың тұтқыны, бір топ саясаткерлердің тұтқыны. Қырғызстанға қатысты бұл саясат қайта қаралмайынша, жақсылық күтудің қажеті жоқ, мұндай қақтығыстар қайталана береді», - деп түйіндеді Марат Иманқұлов.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҰҚШҰ саммиті кезінде Қырғызстан мен Тәжікстанның шекарасында атыс болғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Бір аптаға созылған Қырғызстан мен Тәжікстанның қарулы қақтығысында 94 адам қаза тапты. Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров 19 қыркүйекті Қырғызстанда ұлттық аза тұту күні деп жариялады