Бір әйелдің өлімінен кейінгі қақтығыс Иранның 80 қаласында жалғасып жатыр

Еркеғали Болатұлы

Полициямен қақтығыста 17 адам қаза тапты

фото: ашық дереккөз

Иранда 22 жастағы әйелдің өліміне наразылық ретінде басталған шеру тыйылмай жатыр. Бас көтеру қазір ел астанасы Тегеран мен өзге 80 қалаға тараған.

Наразылық акциясы кезінде полициямен қақтығыста 17 адам қаза тапты. Олардың арасында тәртіп сақшылары да бар. Бір қызығы, ереуілшілердің арасында әйелдер көшеде киіп жүру міндеттелген хиджаб, паранджасыз, заманауи киімдермен жүр. Сондай-ақ олар қатаң шектеулерге ел-жұрттың көзінше шаштарын қиып тастау арқылы қарсылық танытқан. 

Еске сала кетсек, полиция Махса Амириді өткен аптада орамалды дұрыс тақпағаны үшін қамауға алған болатын. Әйел үш сағаттан кейін қайтыс болды. Ресми мәлімет бойынша марқұмның жүрек талмасы ұстаған. Ал құқық қорғаушылар оны полиция соққыға жықты деп мәлімдеп отыр. Махса Амиридің ата-анасы да қызының денсаулығында еш ақау болмағанын айтады.