СІМ ресейліктердің Қазақстанға кіру және болу тәртібін түсіндірді

Халық үні

ҰҚК Қазақстан мен Ресей шекарасында елімізге келіп жатқан шетел азаматтарының саны артқанын растады

фото: Halyq Uni

ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі РФ азаматтарының Қазақстанға кіру және болу тәртібі туралы мәселесіне түсініктеме берді.

«Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы әрдайым сенімнің жоғары деңгейімен және сындарлы тәсілдерімен ерекшеленді. Қазіргі жағдайда ҚР мемлекеттік органдары еліміздің қолданыстағы заңнамасын және халықаралық шарттарды басшылыққа алады», - деп түсіндірді.

Шетел азаматтарының ҚР-ға кіру және болу тәртібі бар, оларды бақылауды ҚР ҰҚК Шекара қызметі және тиісінше ҚР ІІМ жүзеге асырады.

Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдар штаттық режимде жұмыс істеуде және жағдайды тұрақты бақылауды қамтамасыз етуде. Бұл ретте, кез келген елдің шетелдік азаматтарының ҚР аумағында мерзімсіз болуға құқығы жоқ, олар еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарын сақтауы қажет, - деді СІМ баспасөз қызметі.

СІМ баспасөз қызметі ұлттық мүдде бәрінен де жоғары екенін айтып, көрші елдерде болып жатқан геосаяси жағдай Қазақстанның тұрақтылығы үшін сынақ болып жатқанын жеткізді.

«Сонымен бірге, халқымызға тән адамгершілік қасиеттер белгілі бір моральдық ережелерді сақтауды талап етеді. Азаматтарымыз өзіндік даналығын көрсетіп, қонақжайлылық дәстүріне берік болады деп сенеміз.

Қазақстан – егеменді және тәуелсіз мемлекет, қуатты әрі ұйымшыл ел. Мемлекет басшысы кез келген жағдайда халық бірлігінің маңызды екенін үнемі айтуда. Қазіргі қиын кезеңде кез келген өткір мәлімдеме немесе әрекет жағымсыз әсер тудыруы мүмкін екенін есте ұстаған жөн», - деп мәлімдеді СІМ.

Министрлік қазіргі ахуалға мұқият мониторинг жүргізіп отырғанын және елеулі бір қатерлер туындаған кезде халықаралық құқық пен ұлттық заңнаманы ескере отырып, тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Қазақстан мен Ресей шекарасында елімізге келіп жатқан шетел азаматтарының саны артқанын растады.

Шекара қызметінің хабарлауынша, қазір шекарада 30 автомобильдік өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Адамдар мен көліктің көбеюіне байланысты төрт өткізу бекетінде кептеліс бар.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл Қазақстанға жалпы 4,3 млн-ға жуық шетелдік келіп, 4,1 миллионы елден шыққан. Оның ішінде келген ресейліктер саны – 1,6 млн, кеткендер саны – 1 млн 640 мың адам.