Қайғылы оқиғаға байланысты кімнің жазаланатынын әлі белгісіз
Петропавлда құдықты тазалау кезінде болған қайғылы жағдайға қатысты тексеріс аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айта кетейік, оқиға 31 тамызда құрылыс нысанының жанындағы су құбыры құдығын тазалап жатқан 1994, 2002 және 2004 жылы туған үш жұмысшы буға уланған. Олардың бірі – 20 жастағы жігіт сол жерде қайтыс болды.
Қайғылы оқиға байланысты Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасында арнайы комиссия құрылған.
«Комиссия өкілдеріне оқиғаның анық-қанығына жету үшін 10 күн уақыт қажет болды. Тексеру барысында жұмыс берушінің зардап шеккендерді жұмысқа заңды түрде алмағаны анықталды. Яғни, бұл үш азамат құрылыс алаңында заңсыз жұмыс істеген. Сол ұйымда әртүрлі жұмыс атқаратын жұмысшы басқа шаруасымен кетуі керек болған, көмекке танысын шақырған. Ол ақша тапқысы келген тағы екі жігітті өзімен бірге ерте келген», - деді комиссияға жетекшілік еткен мемлекеттік еңбек инспекторы Гүлнар Мұрзақанова.
Айтуынша, мұның бәрі құжат және сұрау салу арқылы дәлелденді.
Комиссия жазатайым оқиғаның жұмысқа қатысы жоқ деген қорытынды шығарды, - деді Мұрзақанова.
Айта кетейік, комиссия құрамына еңбек инспекторлары, жұмыс беруші мен зардап шегуші жақтың өкілдері кірді. Петропавл қаласы санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары да болды.
«Құдық қоршалған аумақ ішінде болған, ол жерге бөтен адамның кіруіне рұқсат жоқ. Ұйымның жұмысшысы жұмысқа еш қатысы жоқ үш адамды ертіп кірген. Осылайша үшеуі бірігіп жұмыс істеген. Бұл жерде учаске бастығы өз жұмысшысын дұрыс бақыламай отыр. Қоластындағы жұмысшының іс-әрекетін қадағаламай, оның басқа біреуді жұмысқа тартуына жол берген. Арты қайғылы аяқталды»,- дейді Гүлнар Мұрзақанова.
Оның сөзінше, бұл оқиғаға қатысты кім және қалай жауапқа тартылатынын әзірге белгісіз.
«Бұл жағдайды жұмыс беруші де қарайды. Болашақта мұндай оқыс оқиғалардың қайталанбауы үшін ұйымда бірқатар шара қолға алынды»,- деді Мұрзақанова.