Жедел көмек көрсететін қызметтер өздерінің қызмет орнын тастап кетпеуі керек
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Маңғыстау облысында фельдшерлердің наразылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Медициналық қызметкерлер санатына кірмесе де, денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істеп жүрген адамдарға биылдан жалақы 20 пайыз өсті. 2025 жылға дейін 20 пайыздан өсіп отырады. Былтырдан бері медицина қызметкерлерінің жалақысын өсіру іске асырылды. Бізде дәрігерлердің орташа жалақысы 350 мың теңге болса, орта медицина қызметкерлеріне 230 мың теңге төленеді. Ал жүргізушілер 100 мың теңге алып жатыр. Біз олардың жалақысын біртіндеп көтереміз, – деді Ажар Ғиният.
Оның айтуынша, қазіргі кезде жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысын 350 мың теңгеге дейін жеткізу мүмкін болмай тұр.
Маңғыстау облысында айтылған талап бойынша қазіргі кезде жалақыны 350 мың теңгеге жеткізу мүмкін болмай тұр. Біздің денсаулық жүйемізде тиісті жалақы қарастырылған. Кез келген маманды жұмысқа қабылдаған кезде, еңбек келісімшартында оның жалақасы белгіленеді. Яғни осы жалақыға келісе отырып, жұмысқа тұрады. Қазіргі кезде аталған оқиға бойынша мән-жай түсіндірілді. Олар жұмыстарына қайта шықты. Атап айтқанда, жедел көмек көрсететін қызметтер өздерінің қызмет орнын тастап кетпеуі керек. Осы уақыт аралығында науқастың жағдайы күрт нашарласа, денсаулығына байланысты адам өмірі қиылып жатса, онда сот деңгейінде қатаң тексерулер болуы мүмкін. Яғни ұйым оларды сотқа тартуы ықтимал, – деді ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, бұған дейін Маңғыстау облысындағы жедел жәрдем қызметкерлері наразылық білдіріп жатқаны туралы хабарланған еді.