Атырауда көпірден секірген ер адам құтқарылды (ВИДЕО)
Есінен танып қалған ер адамға тәртіп сақшылары алғашқы медициналық көмек көрсетті
Атырауда полицейлер көпірден секірген ер адамды құтқарды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz телеграм арнасына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 18 қыркүйек күні түнгі сағат 02:00 шамасында Атырау қаласындағы орталық көпірден белгісіз ер адам секірген.
Мұны байқаған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Арман Қарабалиев пен Меллат Абужанов тұрғынды дереу құтқаруға кіріскен. Арман Қарабалиев құтқару жилетін киіп, суға батып бара жатқан ер адамға қарай жүзген. Кейін азаматты жағаға шығару үшін Меллат Абужанов көмекке келген.
Есінен танып қалған ер адамға тәртіп сақшылары алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Суға секірген адамды естіген бойда уақыттың санаулы екенін түсіндік. Бастысы адамды құтқару болды. Дәл осы көпірде 2019 жылы суға секірген әйел адамды құтқарып әріптесіміз Шалқар Ақымғалиев дүниеден өткен еді. Есіме сол оқиға оралды. Бірақ 2019 жылдан бері де бірнеше рет осы көпірден секірмек болған азаматтар құтқарылды, – деді полиция аға лейтенанты Арман Қарабалиев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысында полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарып қалғаны туралы хабарладық.