×

Қостанай облысында өрт сөндіретін тікұшақ жоқ – министрлік

Екі аптада ел бойынша 70 өрт тіркелген

 Айгерім Таубай 15.09.2022 | 14:50
Halyq Uni / Нұрдәулет Әбікеев

Қыркүйектің басынан бері елімізде 70 орман және дала өрті тіркелген. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

70 ӨРТ ТІРКЕЛДІ

Министрліктің хабарлауынша, ай басталғалы 23 дала өрті болған, ол 10 522 гектарға жайылған. Оның ішінде Қостанай облысында екі жерде өрт шыққан, өрт 137,9 гектарға тарады.

Ақмола облысындағы дала өрті 120 гектарға жайылды.

Қарағанды облысында 8 дала өрті шықты. Ол 3 120 гектарға жайылды. Батыс Қазақстан облысында 3 жерде шыққан өрт 2 730 гектарды шарпыды. Шығыс Қазақстан облысында 5 жер өртенді, от 2 874 гектарға жайылды.

Сондай-ақ орманда 47 өрт шықты.

Ауданы 4 181 гектарды құрайтын 47 орман өрті болды. Қостанай облысында 4 өрт (263 га), Ақмола облысында 5 өрт (15 га), Қарағанды облысында орманда 16 жерден (57 га), ШҚО-да 11 (3 770 га) өрт шықты. Орман өртінің қалған бөлігі басқа облыстарда болған, - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Қостанай облысының орман аймағында шыққан өртке байланысты ішкі істер органдары Қылмыстық кодексінің 341-бабы («ормандарды жою немесе зақымдау») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Алайда өрттің ауқымы мен зардап шеккендердің санын ескеріп, 4 қыркүйекте істі Бас прокуратура өндіріске қабылдады.

Ал Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облысындағы орман өрті фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ішкі істер органдары жүзеге асырады.

Алматы қаласында тау бөктеріндегі өртке байланысты қылмыстық істі Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы қозғады. Іс Қылмыстық кодекстің 204-бабының 2-бөлігі бойынша («отпен абайламай жұмыс істеу арқылы жасалған әрекет аса ірі залал келтірген жағдай») қозғалды.

ӨРТ СӨНДІРЕТІН 10 ТІКҰШАҚ БАР

Төменше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, «Қазавиақұтқару» АҚ-да барлығы 32 тікұшақ тіркелген. Оның ішінде өрт сөндіруге арналған 10 тікұшақ бар.

Ми-8/171 тікұшағының сыртқы аспасында тасымалдауға және өрт сөндіретін сұйықтықты ағызуға арналған су ағызу құрылғылары бар, - делінген ақпаратта.

Су ағызу құрылғылары бар тікұшақтың екеуі Алматы қаласында және Нұр-Сұлтан, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Көкшетау, Қызылорда, Өскемен қалаларында бір тікұшақтан бар.

Сондай-ақ бір тікұшақ күрделі жөндеуде, қолданысқа қазанда шығады.

Айта кетейік, Қостанай облысында өрттің салдарынан келтірілген залалды есептеумен Үкімет және жергілікті атқарушы органдар айналысады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, үкіметінің төтенше резервінен Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрттің салдарынан зардап шеккендердің тұрғын үйі мен инженерлік инфрақұрылымын салу үшін Қостанай облысының әкімдігіне қаражат бөледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама