×

Алматылық әйел өзімен бір түнін өткізген канадалық азаматты тонап кеткен

Ұры сауда орталығында 5 мың канадалық долларға (шамамен 1,8 миллион теңге) сауда жасап үлгерген

 Еркеғали Болатұлы 11.09.2022 | 15:13
фото: ашық дереккөз

Алматылық әйел Tinder желісінде танысқан канадалық азаматты тонап кеткен.

Нұр-Сұлтанда танысқан олар мейрамханада кешкі ас ішіп, артынша қонақ үйде бірге түнеген. Алайда ертесінде жаңа танысы шетел азаматының банк картасын қолды етіп, қонақүйден қашып кетіпті.

Шетелдік азамат картасының жоғалғанын келесі күні банктің мобильді қосымшасына транзакциялар жүргізіліп жатқаны туралы хабарламалар түсе бастағанда байқаған. Ол картаны бұғаттап, кейін полицияға хабарласқан.

Ұры сауда орталығында 5 мың канадалық долларға (шамамен 1,8 миллион теңге) сауда жасап үлгерген. Полицейлер оны Алматыда ұстады.

«Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 188-ші («Ұрлық») бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер күдіктінің елордада бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының ПД баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама