2023 жылы қалада үшінші жылу электр орталығы іске қосылады
Астанада жылу тапшылығы болуы мүмкін. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Басшы жылу беру маусымына дайындық штаттық режимде өтіп жатқанын және ол ерекше бақылауда екенін атап өтті. Бірақ ол салада өзекті мәселе барын жасырған жоқ.
Алдағы жылы жылу энергиясын тұтыну көлемі тапшылығы болуы мүмкін. Осыған байланысты біз бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Ол – жылу қазандықтарын газбен қамтамасыз ету. Бүгінде 3-ЖЭО құрылысы қайта жанданды, - деді Алтай Көлгінов Үкімет отырысында.
Елорда әкімі Үкіметтен тиісті қолдау болғанын жеткізді.
«Орталық сағатына 440 гигакалория жылу беру мүмкіндігін береді. Бірақ қазір мердігер бекітілген мерзімнен кешігіп отыр. Осыған байланысты біз тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Бұл нысанды келесі жылы іске қосуды көздеп отырмыз», - деп түйіндеді сөзін басшы.
Айта кетейік, осыған дейін астана әкімдігі құрылысты қысқартуға мәжбүр болғаны хабарланған еді.