×

Кентауда дүкенге кірерде бір-біріне жол бермеген екеудің жанжалы өлімге ұласты

Криминалдық полиция қызметкерлері бір тәуліктен кейін күдіктіні Алматы қаласынан ұстады

 Динара Амантай 06.09.2022 | 11:46
Фото: polisia.kz

Кентауда құрылысы аяқталмаған нысандардың бірінің орнынан зорлық-зомбылықпен өлім белгілері бар ер адамның мәйіті табылды, – деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Кентау қаласы ПБ-ның кезекші бөліміне кешкі сағат 21:00 шамасында құрылысы аяқталмаған ғимараттың бірінің аумағында зорлық белгілері бар ер адамның денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы бірден шықты. Нәтижесінде жәбірленушінің жеке басы анықталып, оның Кентау қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша тіркелді, – делінген хабарламада.

Жан-жақты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері бір тәуліктен кейін күдіктіні Алматы қаласынан ұстады. Ол бұрын тонау үшін сотталған Кентау қаласының тұрғыны болып шықты. Ер адам полиция бөліміне жеткізілді.

Алдын ала болжам бойынша екі ер адам дүкен есігінен кірер сәтте иық тіресіп, артынан сол үшін сөзге келіп қалған. Содан жәбірленуші оқиға орнынан шығып кетіп, бірер минуттардан соң аталған дүкенге Rаnge Rover көлігімен қайта келіп, күдіктімен дауды шешпек болады. Одан әрі жанжал Кентау қаласына кіреберіс маңындағы аяқталмаған нысан аумағында жалғасқан. Онда екі ер адам төбелесіп, соңында күдікті жәбірленушіні пышақтап, қылмыс орнынан қашып кеткен.

Қазір аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заттай айғақ ретінде пышақ алынды. Күдікті қамауда. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама