Halyq Uni логотип
×

Өгей әке-шешесінен таяқ жеген жетімдер солардың қолына қайта табысталды

Араққа сылқия тойып алатын ерлі-зайыптылар 3 ұл мен 1 қызға күн көрсетпей, үнемі тоқпақтайды...

 Еркеғали Болатұлы 03.09.2022 | 10:18
Өгей әке-шешесінен таяқ жеген жетімдер солардың қолына қайта табысталды
фото: видеодан скриншот

Алматы облысында өгей әке-шешесінен таяқ жеген жетім балалар сол үйге қайта оралды. Осы оқиғадан кейін арнайы құрылған комиссия мүшелері ұл-қыздардың пікірін ескеріп, оларды қамқоршысында қалдыруды ұйғарған. Ал асырап алған балаларына қол көтерген ерлі-зайыптылар тек айыппұл төлеп құтылатын болды.

Мен ол жерде мектептің, селолық округ әкімдігінің, психологтың да пікірін қарадым. Барлығы Зура деген келіншектің отбасы туралы жаман пікір айтқан жоқ. Балалар да: «Ағай, біз балалар үйіне барғымыз келмейді. Себебі мамамызды жақсы көреміз», - дейді. Бұл мәселені біз қатаң бақылауға аламыз деп ескерттік. Келесі жолы ұру түгіл, ұрысса да комиссия отырысын жасап, балаларды аламыз дедік, - дейді Іле ауданы әкімінің орынбасары Серікжан Ибраев.

Бұл ретте комиссия мүшелері Зура Өмірзақованың 5 жыл бұрын күйеуінің кесірінен екі баласынан айырылғанын да ескеріп отыр. Сол уақытта оның күйеуі өзін және ұлы мен қызын өртеп, барлығы ажал құшқан.

Еске сала кетсек, таяуда ғана қамқорлығына алған 4 баланы ұрып-соққан ата-ананың әрекетін көршілері видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялаған еді. Олардың айтуынша, араққа сылқия тойып алатын ерлі-зайыптылар 3 ұл мен 1 қызға күн көрсетпей, үнемі тоқпақтайды-мыс. Балағаттап, қара жұмысқа да жегеді екен.

Алайда балаларды асырап алған Зура Өмірзақова көршілерінің сөзін жоққа шығарды. Айтуынша, ол тек сұғанақтығы бар ересек ұлына ғана дауыс көтеріп, ара-тұра шапалақпен салып жіберетін көрінеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама