Күдікті 4-7 жылға сотталуы мүмкін
Нұр-Сұлтан тұрғыны көпқабатты үйдің жертөлесінде заңсыз ойын залын ашып, пайда тапқан, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Агенттіктің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті заңсыз покер ойынын ұйымдастыру фактісін анықтады.
Елорда тұрғыны пайда табу үшін тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінен заңсыз ойын мекемесін ашып, қолма-қол ақшаға фишкаларды сату және алу арқылы құмар ойынын өткізген. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, биыл 7 айда ҚМА 82 ойын мекемесін анықтаған. Оның ішінде заңсыз жұмыс істеген 4 казиноның қызметі тоқтатылған. Ойын автоматтары, терминалдар, покер және рулетка үстелдері, компьютерлер, ұялы телефондар сияқты 3 мыңға жуық зат, сондай-ақ сомасы 5 млн теңгеден асатын айғақтар тәркіленген.