Halyq Uni логотип
×

«Кембриджге іссапар және қолжетімді жатақхана». Елордалық мұғалімдерге қандай артықшылықтар бар?

Астаналық педагогтертердің балалары балабақшаға бірінші кезекте орналастырылады

 Айнұр Шошаева 01.09.2022 | 10:29
«Кембриджге іссапар және қолжетімді жатақхана». Елордалық мұғалімдерге қандай артықшылықтар бар?
Коллаж: Halyq Uni

Halyq Uni Қазақстанның әр өңірінде мұғалімдерге қандай қосымша жеңілдіктер мен артықшылықтар берілетіні туралы жергілікті атқарушы органдарға сауал жіберді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің берген ресми жауабында астаналық мұғалімдерге бірқатар жеңілдіктер берілетіні айтылған. 

Мәселен, астаналық педагогтер балаларына балабақшадан орынды бірінші кезектеші жеңілдік тәртібімен ала алады. 

«Педагогтердың балалары үшін бірінші кезектегі жеңілдік санаты ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 19 маусымдағы №254 «Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына енгізіліп, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2020 жылдан бастап педагогтер жеңілдік санатына сәйкес балабақшаларға жолдама ала бастады», – делінген Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының ақпаратында. 

Айта кетейік, Ақмола облысының мұғалімдері де балаларын кезексіз балабақшаға орналастырып, коммуналдық қызмет ақысын өтей алады

Сонымен қатар, бас шаһарда педагогтердың кәсібилігін деңгейін арттыру мақсатында әкімдік біржолғы ақшалай сыйақыны төлей отырып, жыл сайын «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогы» медалін тағайындайды.

«Елордалық ұстаздардың арасында педагог мәртебесін айқындайтын 37-ден астам байқаулар қарастырылған. Оның бірі – жыл сайын ұйымдастырылатын «Үздік педагог» атағын беру байқауы. Аталған байқауға барлық пән мұғалімдері қатыса алады. Жеңімпаздар «Үздік педагог» атағын және жыл сайын үкіметпен белгіленетін қомақты ақшалай сыйлықпен марапатталады. Білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогтердің біліктілік деңгейін арттыру бойынша түрлі курстар, семинарлар тұрақты ұйымдастырылады», – делінген жауапта.

Оған қоса мектеп мұғалімдерін баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын үй сертификаттарын беру, Қазақстандық тұрғын үй компаниясымен (ҚТК) бірлесіп бағдарлама арқылы жалғасын тауып жатыр. Сонымен бірге елордада жұмыс істеуге ниет білдірген жас ұстаздарға арнап «Жас ұстаз» жатақханасы тұрақты жұмыс істейді. Басқарма ұсынған ақпаратқа сенсек, онда тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған әрі жалдау құны қолжетімді. 

Ұстаздарды әлеуметтік қолдаудан бөлек, басқарма олардың кәсіби тұрғыдан дамып, біліктілігін аттыруға көп көңіл бөлетін көрінеді. 

«Педагогтердің зерттеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде анықталған өзгерістерді оқытуға енгізу мақсатында SHARE халықаралық жобасы іске қосылды. Жоба аясында 2019 жылы Елорданың 27 педагогі Кембридж қаласына және 2022 жылы маусым айында 56 педагог Кембридж қаласындағы Bottisham Village College-іне іссапармен барды», – деп қосты басқарма. 

Сондай-ақ елордалық ұстаздар Ресейдің Пермь мемлекеттік гуманитарлық–педагогикалық университетінің магистратурасында білімін жетілдіре алады. Тиісті келісім 2019 жылы жасалған, мұғалімдердің білім дәрежесін көтеруге мемлекеттік грант бөлінеді. Осы уақытқа дейін Премь университетін 29 педагог бітірсе, 48 ұстаз білім алып жатыр. Биылғы жылы білім алуға 47 мұғалім өтініш білдіріп, оның 36-ы арнайы грантқа ие болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама