×

Елімізде 16 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

Биыл шетел жұмыс күшін тартуға арналған квота 16% қысқартылды

 Динара Амантай 31.08.2022 | 11:59
Фото: gov.kz

2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 16 027 шетел азаматы еңбек етеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Вежомство өкілдерінің мәліметінше, шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 596 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 137 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 8 037 және 1 070 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 456 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 731 адам тартылды.

Қазір Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 762 жұмыс беруші бар. Оларда 397 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 97%-ын құрайды.

Министрліктің мәліметіне сәйкес, еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 566 адам, Түркия – 1 822 адам, Үндістан – 1 724 адам, Өзбекстан – 1 566 адам, Ұлыбритания – 1 193 адам.

Сонымен бірге ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтіні әрі бөлетіні белгілі болды. Осы жылғы қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау үшін министрлік шетел жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама