Атыраулық жасөспірім өзінің жоғалғаны туралы хабарлама жіберген
Ата-анасына ірі көлемде айыппұл салынды
Атыраулық жасөспірім полиция қызметкерлеріне «жоғалып кеттім» деп жалған хабарлама жіберген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми ақпараттық порталы хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Атырау қаласының 16 жастағы тұрғыны өзінің қамыс арасында жоғалып кеткені туралы хабарлама берген. Хабарласқан телефон нөмірінің өшірулі тұруына байланысты жоғалған адамды іздеу бойынша дереу Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен полицейлер жұмылдырылды. Кейін хабарламаның жалған екендігі анықталып, іздеу жұмыстары тоқтатылды.
Құзырлы органдарға жалған хабарлама берген жасөспірім мен ата-анасы Атырау қалалық Полиция басқармасына жеткізілді. Жасөспірімнің анасына ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабы, 1-бөлігімен хаттама толтырылып, 84 мың теңге айыппұл салынды, – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау облысында ер адамның әйелін балағаттағаны үшін сотталғаны туралы жазған едік.