Отставкаға кетуге өтініш берген Шөкеев Жетісайда өртенген базарға барды
Аймақ басшысы сауда алаңдарын тезірек қалпына келтіруге уәде берді
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетісайдағы өртенген базарға барып, сауда алаңдарын тезірек қалпына келтіру үшін тиісті тапсырмалар берді.
«Қазір бірінші мәселе – базарды орнына қойып, жұмыс беру. Бес-алты ауданды қандай секторларға бөлетінімізді қарастырамыз. Сол жақтан, бригадалар, материалдар әкелеміз. Тез арада жөндеп сіздерге көмектесуге тырысамыз. Болар іс болды. Жанды, тергеуі жүріп жатыр. Қалай болғаны зерттеледі. Бірақ біз адамдарға жұмыс орынын тезірек көтеріп беруіміз керек», - деді Шөкеев.
Одан кейін аймақ басшысы базарды қалпына келтіру бойынша жедел штаб отырысын өткізді.
Көшеге шығып, айқайлағаннан ештеңе шешілмейді. Мәселе осындай келіссөздермен шешіледі. Бір апта, әрі кетсе он күн ішінде базарды орнына қою керек, – деді облыс әкімі.
Бүгінде базарларды қалпына келтіру бойынша жұмыс басталып кетті. 100-ден аса жұмысшы, 10-нан аса техника жұмылдырылды. Қазір темір-терсек жинастырылып, базар аумағы тазаланып жатыр.
Бұған дейін саудагерлер базар 20 күнде қалпына келетініне сенбейтіндері туралы айтылды. Саудагерлер жөндеу жұмыстры 3-4 айға созыла ма деп алаңдаулы.
Айта кетейік, 2022 жылдың 26 тамызында Жетісай қаласындағы «Күлпаршын» базарының аумағында өрт шықты. Салдыранын ауданы 500 шаршы метр жеке тұрған бір қабатты ғимарат пен ауданы 400 шаршы метр жер өртенген.