ІІМ Байзақтағы жарылыстан кейін із-түзсіз жоғалған Дәуітбаевқа қатысты ақпарат берді

Айнұр Шошаева

Оқиғаға қатысты 6 қылмыстық іс қозғалды

Коллаж: Halyq Uni

Осыдан тура бір жыл бұрын Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы жарылыс фактісі бойынша Қазақстанның Ішкі істер министрлігі 6 қылмыстық іс қозғап, тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni

ІІМ ақпаратына сәйкес, №28349 әскери бөлімде орын алған өрт пен жарылыс фактісі бойынша Қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғаларына 2 қылмыстық іс, Жамбыл облысы ТЖД лауазымды тұлғаларына қатысты 2 қылмыстық іс, №42062 әскери бөлімнің бұрынғы мерзімді әскери қызметкерлеріне қатысты 2 қылмыстық іс  қозғалды. 

«Қазіргі уақытта Жамбыл облысы ТЖД лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істерді қоспағанда, барлық қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталған, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 295-296 баптарының талаптарына сәйкес, жәбірленуші және күдікті тараптар қылмыстық іспен танысып жатыр. Қорғаныс министрлігі «Оңтүстік» өңірлік әскерлер қолбасшылығының бұрынғы қолбасшысына қатысты қылмыстық қудалау мен қылмыстық іс әрекеттерінде қылмыс құрамының болуы дәлелденбегеніне байланысты ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес тоқтатылған», – дейді министрлік. 

Сондай-ақ ведомство аталған жарылыс кезінде хабар-ошарсыз жоғалып кеткен Б.Дауытбаевты іздестіру жұмыстары қазіргі уақытқа дейін жүріп жатқанын мәлімледі.

Естеріңізге сала кетейік, жарылыстан кейін із-түссіз жоғалған азаматтың жұбайы мен ауыл тұрғындары сұхбат берген еді. 

Сонымен қатар, оқиға құрбандарына ескерткіш орнатылған болатын.