Қаңтар оқиғасы: аса ауыр қылмыс жасаған 104 адам сотталды
Полиция 15 мың адамнан жауап алған
Қаңтар оқиғасы кезінде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 104 адам бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
Ішкі істер министрлігі қаңтар қаңтар оқиғасы бойынша 4 мың 642 қылмыстық іс қозғаған.
Бүгінде 971 істің өндірісі аяқталды. Оның ішінде 609 айыпталушыға қатысты іс соттарға жолданды. Сот істерді қарап, 539 айыпталушыға үкім шығарды. Олардың ішінде 425 адамның бас бостандығын шектелді, тек 104 адам ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырылды, - деді Санжар Әділов ОКҚ-де өткен брифингте.
Қазіргі таңда тергеушілердің өндірісінде 276 іс бар.
«Жалпы полицейлер 40 мыңға жуық тергеу жүргізді. 15 мыңдай адамнан жауап алынды. 2,5 мыңдай сараптама тағайындалды. Зардап шеккен адамдарға 360 млн теңгеге жуық сомаға бағаланған залалды өтеу қамтамасыз етілді. Оның ішінде сотқа дейінгі тергеу және істерді сотта қарау сатысында күдіктілер өз еркімен жәбірленушілерге 15 млн теңгеден аса сомаға залалды өтеді», - деді ІІМ өкілі.
Айта кетейік, осыған дейін Бас прокуратура қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың тізімін жариялаған еді.