Оларға негізінен тұрғыны аз Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарына көшу ұсынылған
Түркіменстаннан Қазақстанға келген этникалық қазақтар Маңғыстау облысына тіркелуге рұқсат етілмегенін айтып, елдің солтүстігіне көшпесе депортацияланамыз деп қорқып жатыр. Бұл туралы жергілікті Лада порталы хабарлады.
Оларға негізінен тұрғыны аз Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарына көшу ұсынылған. Бірақ өздері президенттен Маңғыстау облысында тұрып, жұмыс істеуге қолдау сұрап отыр. Тіпті, мемелекеттен төленуге тиіс бір реттік 214 мың теңгедей төлемді де сұрап отырған жоқ. Тек Маңғыстау өңіріндегі туыстарының қасына орналасуға мүмкіндік берсе дейді.
Біз артық ештеңе сұрап жатқан жоқпыз. Ақша да, жұмыс та талап етпедік. Осы қоғамға пайдамыз тиетіндей мамандықтарымыз бар. Біріміз дәнекерлеуші, біріміз мұғалімбіз. Алайда көмек сұрағандарға ешкім көмектесіп жатқан жоқ. Керісінше, бізге депортация жасаймыз деп қорқытуда, - дейді 34 жастағы Айгүл Сейітмамбетова.
Айтуларынша, олар онсыз да пандемияның кесірінен елге оралуды 2 жылдай күткен.
«Ашхабадтағы Қазақстан консулдығына 50 долларға өтініш білдіргенімізде, келу жері Павлодар облысы деп мөр қоятындарын айтты. Алайда консул ол кезде бұның ештеңені білдірмейтінін, ең бастысы шекарадан өту екенін жеткізген. Егер бұлай болатынын бастапқыда айтқанда біз мал-мүлкімізді сатпай, әрі қарай Түркіменстанда тұрып, жұмыс істей беретін едік қой. Бізді ол жақтан ешкім қуып шыққан жоқ. Керісінше, сәттілік тілеп шығарып салды. Олар біздің отанымызға оралу тілегімізді қолдады», - дейді кандастар.
Алайда 12 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоныс аудару бағдарламасын қайта қарап, қандастарды тек Маңғыстау облысында ғана емес, басқа аймақтарға да қоныстандыруды тапсырған болатын.