×

Мемлекет тарапынан қандастарға көрсетілетін көмек белгілі болды

Тәуелсіздік алғалы бері елімізге 1 млн 96,9 мың этникалық қазақ оралған

 Дастан Жұмабекұлы 19.08.2022 | 17:24
фото: gov.kz

Еліміз тәуелсізідк алғалы бері 1 млн 96,9 мың этникалық қазақ оралған.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми сайтында айтылып, қандастарға мемлекет тарапынан қандай көмектің көрсетілетіні хабарланды.

Ведомствоның хабарлауынша, мемлекет этникалық қазақтарды репатриациялау бойынша белсенді түрде қолдау көрсетіп отырады. Мәселен, елімізде қандастарға қоныс аударуға және тұрғын үйді жалдау жөніндегі шығыстарды жабуға арналған субсидиялармен қатар, басқа да жеңілдіктер беріледі. Сондай-ақ жұмыспен қамтамасыз етуде де көмек көрсетіледі.

Өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен біржолғы төлем) және 12 ай ішінде жалдау шығыстарын жабуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге (отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде) субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді, – деді министрлік өкілдері.

Сонымен қатар қандас мәртебесін алған этникалық қазаққа келесі қызметтер қолжетімді:

Қазақстан аумағына кіру кезінде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлемдерді төлеуден босату;

Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегін бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін қамтамасыз ету;

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына оқуға түсуге квота шеңберінде білім алу (Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін квота 4 пайыз мөлшерінде белгіленген);

Қазақстан азаматтарымен тең жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтамасыз ету;

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға өтініш беру мүмкіндігі.

Бұдан басқа елде тұрақты тұратын қандастар жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады.

Қандас мәртебесін алуға немесе ұзартуға, сондай-ақ қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтінішті этникалық қазақтар жергілікті атқарушы органдарға, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне беруге болады.

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы ел үкіметі қандастарды қоныстандыру үшін айқындаған өңірлерге – Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына бөлінеді. Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 9 077 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 96,9 мың этникалық қазақ оралған. Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (69,9 пайызы) Өзбекстаннан, 10,3 пайызы – ҚХР-дан, 7,1 пайызы – Түркіменстаннан, 4,0 пайызы – Моңғолиядан және 8,7 пайызы басқа елдерден келген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама