Оны волонтерлік деп санауға болмайды, себебі олар қызметі үшін ақы алады
Бүгін елордада өткен Орталық Азия волонтерлері форумы барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет елорда көшелерінде қайырымдылық үшін ақша жинап жүрген жасөспірімдерге қатысты түсінік берді деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Биыл шілдеде Мемлекет басшысы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген волонтерлік және қайырымдылықпен айналысу туралы заңға қол қойды.
Заң аясында қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар мен волонтерлердің мәртебесі ресми бекітілді. Ендігі уақытта олар арнайы келісімшартпен жұмыс істеуі керек.
Ол құжат волонтерлерді, қайырымдылықпен айналысатын ұйымдардың қызметін және көмек алып жатқан жандарды қорғайды», - деді Мадияр Қожахмет тілшілердің сұрағына берген жауабында.
Оның айтуынша, жаңа заңға сәйкес волонтер кәмелет жасына толған болуы керек.
«Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктермен және полиция департаментімен бірлесіп, волонтерлер мен салалық ұйымдар арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз.
Біріншіден, көшеде өздігінен ақша жинап жүрген жасөспірім волонтерлер тегін жұмыс істемейді. Оны волонтерлік деп санауға болмайды. Себебі олар қызметі үшін ақы алады. Тағы бір маңызды жайт, волонтер жасөспірімдердің ата-анасының рұқсаты болуы керек.
Енді біз осы аталған мәселелерге бақылау орнатамыз. Мақсат – волонтерлік қызметтің заң аясында жүзеге асуы. Біздің ойымызша, көшеде қайырымдылық мақсатында ақша жинау тенденциясын тоқтау қажет», - деді министрлік өкілі.