Ұйымдастырушылар 8,5 миллион теңге пайда тауып үлгерген
Ақмола облысында қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактісі бойынша қаржы пирамидасының екі ұйымдастырушысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, салымшыларды тарту схемасы жалған саяхатшының карта шотына 2000 АҚШ долларын салуды және оның орнына 6900 АҚШ долларын алуды қамтыған. Бұл ақша шетелдік қонақүйлердегі қызмет құнының 80%-ын төлеуге жұмсалуы туралы жалған ақпарат тараған. Ақша болмаса, 5 смарт-сағат сатып алуға онлайн несие беру ұсынылды. Нәтижесінде салымшылар смарт сағатын алмаған, орнына «Qnet Mobile» қосымшасындағы жалған шотқа «Экардтар» түсіп отырған. Оларды жолаушы картасын сатып алғанда пайдалануға болады деп сендірген.
Ұйымдастырушылар 8,5 миллион теңге көлеміндегі қылмыстық кірістің бір бөлігін қазақстандық банктердің біріндегі депозиттік шоттарға салып, депозит бойынша сыйақы түрінде қосымша табыс алған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
ҚР КПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне қатысты өзге мәліметтер жария етілмейді.